| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Мұғалімдерді аттестаттау үдерісіне қатысты талаптар алдағы уақытта өзгеруі мүмкін, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Оқу-ағарту министрлігі педагогтерді аттестаттау жүйесін жетілдіру жұмыстарын бастады. Осы бағытта еліміздің барлық өңіріне белсенді мұғалімдер қатысатын арнайы жұмыс тобы құрылды.
Министр Жұлдыз Сүлейменованың мәлімдеуінше, жұмыс тобы қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерді зерделеп, аттестаттау үдерісін жетілдіруге бағытталған нақты ұсыныстар әзірлейді. Жүргізілген талдау нәтижелері келер жылдың ақпан айында көпшілік талқысына ұсынылады.
Министрлік мәліметінше, аттестаттау барысында мұғалімдерден авторлық бағдарлама талап етілуі негізгі мәселелердің бірі болып отыр. 2025 жылы ұсынылған 875 авторлық бағдарламаның 572-сі қайта өңдеуге жіберілген. Бұл талап педагогтерге қосымша жүктеме түсіріп, рәсімнің формалды сипат алуына әкелгені атап өтілді.
Сонымен қатар алдағы кезеңде «педагог-шебер» санатына қойылатын талаптарды қайта қарау жоспарланып отыр. Министрлік өкілдері аталған өзгерістер педагогтердің кәсіби дамуын әділ бағалауға және аттестаттау жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталғанын жеткізді.