| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Сәтбаев қаласының 60-қа жуық тұрғыны өз үйлерінде ұйықтаудан қорқады. Наурыз көшесіндегі №150 көпқабатты ғимараттың қабырғалары жарылып, мүжіле бастаған. Кез келген сәтте ортасына түсуі мүмкін баспанада тұрып жатқан отбасылар биліктен көмек сұрап, шұғыл түрде көшіруді талап етуде, — деп хабарлайды Dauletten.kz.
Тұрғындардың айтуынша, баспананың жағдайы күн санап нашарлап барады. Әсіресе қыс түссе, үйдің іші суытып, тұру мүмкін болмай кетеді. Амалдары таусылған жұртшылық шенеуніктерден үйлерінің апатты деп танылып, қауіпсіз жерге көшірілуін немесе тиісті өтемақы төленуін сұрайды.
Алайда, қалалық билік өкілдері мәселені шешуге асығатын түрі жоқ. Сәтбаев қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің сектор меңгерушісі Гүлмира Нұрманованың айтуынша, бұл үй бойынша әлі арнайы комиссия да құрылмаған.
«Нақты осы үйге қатысты қазіргі таңда комиссия құрылған жоқ. Сондықтан әзірге ақпарат бере алмаймын. Арнайы комиссия құрылып, оның шешімі қосымша хабарланады. Комиссияны осы аптаның соңына дейін құру жоспарланып отыр. Келесі аптаның басында қорытындысын айтамыз», – деді шенеунік.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, бүгінде Сәтбаев қаласында 28 үй апатты деп танылған, ал 223 көпқабатты баспананың тозығы әбден жеткен. Ал бұл мыңдаған тұрғынның өмірі күн сайын қауіп-қатерде деген сөз.