| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі елді газдандыру деңгейін 80 пайызға жеткізуге бағытталған Жол картасын әзірлеуге кірісті. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Аталған бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент палаталарының бірлескен отырысында берген тапсырмасын орындау аясында қолға алынған. Президент халықты табиғи газбен қамту қарқынын жеделдетіп, газдандыру деңгейін 80 пайызға дейін жеткізуді міндеттеген болатын.
Министрліктің мәліметінше, құжатта қойылған мақсатқа кезең-кезеңімен қол жеткізуге бағытталған кешенді іс-шаралар қамтылады. Жол картасы елді газдандыруды жеделдетуге арналған негізгі стратегиялық құжаттардың бірі болмақ.
Қазіргі уақытта Қазақстанды газдандыру жұмыстары 2035 жылға дейінгі Бас схема аясында жүзеге асырылып келеді. Бұл бағыт азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуын қолдауға және елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған.
2025 жылдың қорытындысы бойынша газбен жабдықтау саласында 84 жоба іске асырылып, нәтижесінде 94 елді мекеннің 354 мыңнан астам тұрғыны табиғи газға қосылды. Сонымен қатар, бір жыл ішінде 2 мың шақырым газ тарату желісі салынды. Соның нәтижесінде табиғи газға қол жеткізген халық саны 13,1 миллион адамға жетіп, бұл 20,5 миллион тұрғынның едәуір бөлігін қамтыды.
Ал биыл газ тасымалдау инфрақұрылымын дамыту жобаларын жүзеге асыру арқылы тағы 36 мыңға жуық тұрғынды табиғи газмен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, әзірленіп жатқан Жол картасын іске асыру табиғи газбен қамтылатын халықтың үлесін айтарлықтай арттыруға, Президент жүктеген міндеттердің орындалуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ азаматтардың тұрмыс сапасы мен өңірлердің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал етуге мүмкіндік береді.