| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Қазақстанда сыбайлас жемқорлық туралы ақпарат берген азаматтарды ынталандыру тәртібі жаңартылды. Жаңа ережеге сәйкес, хабарламаның нәтижесіне қарай төленетін сыйақы көлемі 17,3 миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін, — деп хабарлайды Dauletten.kz.
Қазақстанда жемқорлық фактілері туралы хабарлаған азаматтарға берілетін сыйақы тәртібі өзгерді. Жаңа нормалар Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының 2026 жылғы 5 тамыздағы бұйрығымен күшіне енді.
Құжатта сыбайлас жемқорлық туралы ақпарат берген азаматтарды ынталандыру және олардың өтініштерін қарау рәсімі нақты айқындалған.
Жаңа тәртіп бойынша сыйақы мөлшері пара көлеміне немесе мемлекетке келтірілген залал сомасына байланысты есептеледі. Ең жоғары төлем 17,3 миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін.
Ал жемқорлық туралы хабарлау қызметтік міндетіне кіретін мемлекеттік қызметкерлерге ақшалай сыйақы берілмейді. Оларға тек құрмет грамотасы немесе алғыс жариялау қарастырылған.
Сыйақы алу үшін азаматтар арнайы өтініш беріп, қажетті құжаттарды ұсынуы тиіс. Құжаттар 10 жұмыс күні ішінде ҰҚК-нің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметіне немесе оның аумақтық бөлімшелеріне жолданады.
Тізімге ынталандыру туралы өтінішхат, тіркелген өтініштің көшірмесі, әкімшілік немесе қылмыстық іс бойынша құжаттар, жеке куәлік көшірмесі және банк шоты туралы анықтама кіреді.
Материалдар түскеннен кейін уәкілетті орган 5 жұмыс күні ішінде олардың толықтығы мен талаптарға сәйкестігін тексереді. Одан кейін құжаттарды кемінде бес қызметкерден тұратын арнайы комиссия қарайды.
Комиссия оң шешім қабылдаған жағдайда, тиісті басшы бір жұмыс күні ішінде бұйрық шығарады. Сол бұйрық негізінде біржолғы ақшалай сыйақы төленеді немесе азаматқа құрмет грамотасы не алғыс жарияланады.
Ақша бұйрық шыққаннан кейін бір ай ішінде өтініш берушінің банк шотына аударылуы тиіс.
Бұл өзгерістер мемлекет жемқорлық туралы хабарлайтын азаматтарды қорғау мен ынталандыру тетігін күшейтуге бағытталғанын көрсетеді. Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңға енгізілген өзгерістерге қол қойған болатын. Соған сәйкес, енді пара беруге уәде еткендер де қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.