Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Қазақстанды шетелде орта держава деп атай бастады. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне орай мемлекеттік наградалар табыстау рәсімінде мәлімдеді, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Мемлекет басшысы өз сөзінде сыртқы саясат мәселелеріне жеке тоқталып, оның ел ішіндегі жағдай мен халықтың әл-ауқатына тікелей әсер ететінін атап өтті.
- Қазақстан ұлттық мүдделерге негізделген теңгерімді, сындарлы сыртқы саяси бағытты жүзеге асыруда. Биыл біз үшін халықаралық оқиғаларға өте бай жыл болды. Қазақстан бірқатар көпжақты бірлестіктерге төрағалық етіп, ауқымды іс-шаралар ұйымдастырды. Әсіресе, Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті мен Көшпенділердің Дүниежүзілік ойындарын ерекше атап өту керек. Біздің мемлекет әлемдік аренадағы субъектілігін дәйекті түрде нығайтып, тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу мен жаһандық сын-қатерлерді еңсеруге маңызды үлес қосып келеді, - деді Тоқаев.
Оның айтуынша, Ұлы дала дәстүрлеріне сүйенген қазақ дипломатиясының мақсаты – Қазақстанның халықаралық аренадағы дауысын күшейту.
- Біздің елді шетелде орта держава деп атай бастады, бірақ бұл өзін-өзі қанағаттандыруға себеп емес, керісінше белсенді жұмысты жалғастыруға ынталандыру. Сіздер әлемде түрлі қақтығыстардың көбейіп жатқанын, жаңа қарулану жарысының қарқын алғанын, сауда соғыстарының шиеленісіп жатқанын көріп отырсыздар. Бірақ ең қауіптісі – сананың милитаризациясы, сенімсіздік пен бір-бірінің ұстанымын қабылдамаудың өсуі, диалог пен консенсус алаңының тарылуы. Мұның бәрі өзгеріп жатқан әлемдік тәртіптің белгілері. Осындай жағдайда біз тұрақтылық пен келісім аймағы болып қалу үшін барымызды саламыз, – деп мәлімдеді Президент.