Сақ болыңыздар! ҚМА атынан хабарласатын алаяқтар пайда болған
17.10.2025
мин
0
297
Сурет: Midjourney
Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарды телефон және интернет алаяқтардан сақ болуға шақырды, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Алаяқтар агенттік атынан хабарласып, өздерін "заңгер" немесе "тексеретін маман" ретінде таныстырады. Сонымен қатар, "сіздің ұйымға қатысты тексеріс басталды" деген мазмұндағы жалған хабарламалар таратады.
"Агенттік мұндай хаттар жібермейді және телефон арқылы жеке деректерді сұрамайды. Біз шот нөмірлерін, SMS кодтар мен құжаттарға қатысты құпия ақпаратты талап етпейміз", - деп мәлімдеді агенттік өкілдері.
Алаяқтық схема қалай жүзеге асады?
Алаяқтар ҚМА мен ҰҚК атынан жалған хаттар таратып, "қызметкерге мінездеме" немесе басқа ақпарат беруді сұрайды.
Сонымен қатар, WhatsApp арқылы сол ұйымның басшысы мен есепшісінің атынан жазып, олардың нақты суреттері мен есімдерін пайдаланады. Хабарламалар кейде мемлекеттік тілде жазылады.
Кейін "заңгер" ретінде біреу хабарласып, "құпия ақпарат" екенін айтып, бұл туралы туыстарыңызға, балаларыңызға, тіпті құқық қорғау органдарына айтуға тыйым салады.
Қысым көрсету тәсілі қолданылады: бір мезетте қоңыраулар мен хабарламалар қатар келіп, адам ойланып үлгермей әрекет етуге мәжбүр болады.
Жәбірленушіге банкке дереу баруы және көрсетілген нұсқауларды орындауы қажет делінеді. Салдарынан азаматтар өз жинағын шешіп, алаяқтарға жіберіп қояды.
ҚМА мұндай жағдайда құзырлы органға жүгінуге шақырды.