| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Мемлекеттік тілдің қолданысы қандай да бір саяси тетіктерсіз-ақ табиғи түрде кеңейіп, қоғамда бұқаралық сипат алды. Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ана тіліміздің бүгінгі мәртебесіне тоқталып, әлеуметтік желілерде тіл арқылы арандатушылық ұйымдастырып жүргендердің әрекетін ел егемендігіне төнген тікелей қатер деп бағалады, — деп хабарлайды Dauletten.kz.
Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде ана тіліміз ұлтты ұйыстыратын басты факторға айналып отыр. Мемлекеттік тілде еркін сөйлеу заман талабы мен сауаттылықтың негізгі көрсеткіші ретінде орнықты.
- Осыған дейін бірнеше мәрте айтқанмын: ұлтты ұйыстырып, мемлекетіміздің іргесін бекемдейтін ең маңызды фактор – мемлекеттік тіл. Бұрын болжаммен, долбармен ғана айтылатын жағдай қазір шындыққа айналды. Қазақ тілі қандай да бір әкімшілік, тіпті саяси мәжбүрлеусіз өрісі кеңейіп, көпшіліктің тіліне айналды. Әсіресе, жастарымыздың қазақ тілінде еркін, сауатты сөйлейтіні қуантады. Ана тіліміз мемлекеттік тіл ретінде сұранысқа ие, ұлттық мәдениетімізді, болмысымызды шырайлы да шұрайлы туған тіліміз арқылы көрсетеміз. Қазақ тілінде бір ауыз сөз айта алмау білімсіздіктің белгісіне айналды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Арандатушылардың астыртын мақсаты
Сонымен қатар Президент мемлекеттік тілді дамыту саясаты елдегі өзге де тілдердің құқығын шектеуге бағытталмайтынын баса айтты. Ата заңымызда азаматтарды кез келген белгісі, соның ішінде тілі мен ұлты бойынша кемсітуге қатаң тыйым салынған. Осыны пайдаланып, желіде араздық отын тұтатуды көздейтіндердің түпкі ниеті бұдан да қауіпті.
- Соған қарамастан ара-тұра кейбір тісқаққан арандатушылар әлеуметтік желіде ұлтараздықты қоздырып, әдейі отқа май құяды. Мына нәрсені түсінген жөн. Олардың көздегені біреу – қоғамды әлсіретіп, Қазақстанның Егемендігіне нұқсан келтіру, елді бірліктен айырып, бейбіт, алаңсыз өміріміздің астаң-кестеңін шығару. Сондықтан құқық қорғау органдары мен тұтас қоғам бұған табанды түрде қарсы тұруы керек. Конституцияда бекітілген "Заң мен тәртіп" қағидатына сай әрекет етуіміз қажет, – деді Президент.
Тіл саясаты және қоғамдық келісім
Қасым-Жомарт Тоқаев кез келген тілге шектеу қою өркениеттілікке жатпайтынын жеткізді. Мемлекет басшысы бүгінде қазақ тілі мен мәдениетін белсенді насихаттап жүрген өзге ұлт өкілдерінің еңбегін ерекше атап өтіп, олардың әрекеті біріктіруші факторға айналғанын айтты.
- Тіл – Жаратқанның адам баласына берген ең үлкен игілігі, теңдессіз сыйы. Қандай да бір тілге қарсы күрес жүргізу – Жаратқанға, оның нығметіне қарсы шығу. Сірә, бұдан асқан ақымақтық болмас. Сондықтан тіл, қандай тіл болса да, бірлік пен өркениеттің өлшемі болуға тиіс. Бүгінгі таңда түрлі ұлттың жастары қазақ тілі мен мәдениетін кеңінен насихаттап жүр. Бұған қалай қуанбайсың? – деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы елдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға сүбелі үлес қосып жүрген мұндай азаматтардың еңбегі елеусіз қалмайтынын жеткізді. Әрі оларды жоғары мемлекеттік награда – «Ел бірлігі» орденіне ұсыну өкілеттігін Қазақстан Халық Кеңесіне жүктегені дұрыс екенін атап өтті.