| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Қазақстан Үкіметі Ақмола облысындағы Степногорск пен Көкшетау қалаларының жылу-энергетикалық инфрақұрылымын жаңғыртуға 3,9 млрд теңгеден астам қаржы бөлді. Қаражат инженерлік желілердің тозуын азайтып, алдағы жылыту маусымының тұрақты өтуін қамтамасыз етуге бағытталады, — деп хабарлайды Dauletten.kz.
Мемлекет басшысының жылу-энергетикалық кешенді жаңғырту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен Ақмола облысындағы екі қалаға – Степногорск пен Көкшетауға қосымша қаржы қарастырылды. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.
Бөлінген қаражаттың басым бөлігі – шамамен 2,7 млрд теңге Степногорск қаласындағы магистральдық жылу желілерін жөндеу жұмыстарын аяқтауға бағытталмақ. Жоба аясында ұзындығы 7,5 шақырым болатын желі жаңартылады. Ал Көкшетаудағы №1 және №2 қазандықтарды қалпына келтіруге 1,2 млрд теңге бөлінеді. Бұл қаржы энергетикалық қазандықтарды, негізгі жабдықтар мен инженерлік жүйелерді жөндеуге жұмсалады.
Қазіргі уақытта Көкшетау қаласын жылумен екі қазандық қамтамасыз етеді. Негізгі жүктеме АҚ-2 қазандығына тиесілі. Өткен жылы Үкімет резервінен бөлінген қаражат есебінен қалада ауқымды техникалық жұмыстар жүргізіліп, нәтижесінде жабдықтардың тозу деңгейі 44 пайыздан 42 пайызға дейін төмендеген.
Степногорск қаласында да жылу жүйелерін жаңарту кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Бұған дейін Үкімет резерві есебінен 7,1 шақырым магистральдық жылу желісі ауыстырылып, тозу деңгейі 71,4 пайыздан 68 пайызға дейін қысқарған.
Мамандардың айтуынша, аталған жұмыстар өңір тұрғындарын тұрақты жылумен қамтуға, апаттық жағдайлардың алдын алуға және алдағы жылыту маусымын қалыпты өткізуге мүмкіндік береді.
Жалпы республика көлемінде энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. 2025 жылы ел бойынша 10 энергоблокқа, 63 қазандыққа және 39 турбинаға күрделі жөндеу жүргізілді. Сонымен қатар 323 шақырым жылу желісі жаңартылып, 17 мың шақырым электр тарату желілері мен 420 қосалқы станса жөнделді.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде электр стансаларындағы жабдықтардың тозу деңгейі 53 пайызға дейін, ал жылу желілерінің тозуы 50 пайызға дейін төмендеді. Сондай-ақ технологиялық ақаулар саны 15 пайызға азайған.
Үкімет мәліметінше, жүргізілген жұмыстардың арқасында сегіз жылу электр орталығы тәуекел аймақтарынан шығарылған. Оның ішінде бесеуі «қызыл» аймақтан «сарыға», ал үшеуі «сарыдан» «жасыл» деңгейге ауыстырылды.