Brent
WTI
kz
kz ru
Астана
Астана
Алматы
Ақтау
Ақтөбе
Атырау
Қарағанды
Көкшетау
Қостанай
Қызылорда
Павлодар
Семей
Петропавл
Талдықорған
Тараз
Шымкент
Орал
Өскемен
CNY
MNT
KGS
UZS
TRY
Сіздің өтінішіңіз сәтті жіберілді, Рақмет!
Жаңалықтар
Ұлттық дәстүр мен рухани құндылық: бүгінгі Қазақстанның тірегі
Жаңалықтар

Ұлттық дәстүр мен рухани құндылық: бүгінгі Қазақстанның тірегі

29.09.2025
мин
0
303
Сурет: logoslab.ru

Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы ұйымдастырған байқауға қатысу мақсатында дайындалған бұл материалда ұлттық дәстүр мен рухани құндылықтардың қоғамдағы рөлі, жастар тәрбиесіндегі маңызы және дін мен дәстүрдің үйлесімді байланысы жан-жақты сараланды, - деп хабарлайды Dauletten.kz сайтының тілшісі.

Ұлттық дәстүр мен рухани құндылықтар – кез келген халықтың мәдени болмысы мен тарихи бірегейлігін сақтаудың негізгі тіректері. Қазақ халқы үшін бұл ұғымдар ғасырлар бойы қалыптасып, ұлттың дүниетанымы мен қоғамдық дамуына ықпал етіп келді. Бүгінгі жаһандану жағдайында дәстүр мен руханиятты сақтау тек мәдени мәселе ғана емес, сонымен бірге елдің қауіпсіздігі мен тұрақтылығының кепіліне айналып отыр. Қазақ халқы ұрпақ тәрбиесін салт-дәстүр арқылы қалыптастырды. Бесікке салу, тұсаукесер, келін түсіру, сүндет той сияқты рәсімдер – тек тұрмыстық дәстүр емес, ұлттық тәрбиенің құрамдас бөлігі. Домбыраның үні, халық жыр-дастандары мен әндері ұрпақ санасына ұлттық болмысты дарытып, халықтың рухани тұтастығын сақтап келді. Алайда қазіргі кезеңде жастардың дәстүрге деген қызығушылығы әркелкі. Кейбірі ұлттық құндылықтарды екінші орынға қойып, өзге мәдениетке еліктеп барады. Бұл құбылыс ұлттық болмыстың әлсіреуіне әкелуі мүмкін.

Қазақстан – зайырлы мемлекет. Дегенмен дін халықтың рухани өмірінің ажырамас бөлігі болып қала береді. Дін мен дәстүрдің үйлесімділігі – жастардың дұрыс рухани бағдар алуына ықпал ететін маңызды фактор. Дін мен дәстүрді қатар игере алған адам жат ағымдардың ықпалына бой алдырмайды, өйткені олардың негізінде адамгершілік, ізгілік, тәлім-тәрбие және рухани тазалық жатыр. Бірақ бұл – алаңдататын мәселе жоқ дегеніміз емес. Себебі ІІМ деректеріне сүйенсек, 2024 жылы елімізде экстремизмге қатысты 85 қылмыс тіркеліп, 44 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде интернет арқылы радикалды идеяларды тарату, діни араздықты қоздыру және экстремизмді қаржыландыру фактілері бар. Сондай-ақ жақында Жетісуда жасөспірімдерді заңсыз діни сабақтарға тартқандар әшкереленді. Тексеру кезінде жатақхана ретінде пайдаланылған бөлмелерден шетелдік діни кітаптар мен оқу материалдары табылды. Бұл деректер жастардың радикалды идеологияға тартылу қаупінің әлі де бар екенін дәлелдейді. Мұндай көрсеткіштер қоғамдағы профилактикалық жұмыстардың толық нәтиже бермей отырғанын аңғартады. Сыни тұрғыдан алғанда, ұлттық құндылықтарды дәріптеу ісі көбіне мерекелік деңгейде шектеліп қалуда. Күнделікті өмірде салт-дәстүрді ұлықтау жеткіліксіз. Жастардың діни сауаттылығы төмен, бұл өз кезегінде радикалды идеялардың таралуына жол ашады. Отбасы институтының тәрбиелік рөлі де әлсіреп барады. Ал мемлекеттің ресми саясатымен қатар, қоғамдық ұйымдар мен білім беру жүйесінің өзара үйлесімді жұмысы бір жолға қойылғанымен, нәтиже біз күткендей емес. Бұл ұлттық бірегейлік пен рухани тұтастықты сақтау жолында жүйелі әрі кешенді шаралар қажет екенін көрсетеді. Сондықтан профилактикалық жұмысты құзырлы органдар біріге отырып жүзеге асыру керек.

Дін мен дәстүр – қоғамдағы әлеуметтік-мәдени иммунитеттің негізі. Олар жастарды жат идеологиядан сақтап қана қоймай, ұлттық сана мен патриотизмді нығайтады. Қазақ даласының қасиетті өңірлері – Түркістан, Ұлытау, Маңғыстау, Жетісу – ұлттық рухтың алтын бесігі. Бұл жерлерді дәріптеу – тек тарихи-мәдени мұраны сақтау ғана емес, жастарды өткен тарихпен тәрбиелеудің құралы.

Мысалы, Бекет атаның мекені саналатын маңғаз Маңғыстауға ат басын тірегенде кеудені мақтаныш, жүректі тыныштық кернейді. Бұл – біздің қасиетті жердің тарихпен өмірлік сабақтастығы. Түркістандағы Арыстан баб, Ахмет Иассауи секілді ұлылардың кесенесіне қаншама шет елден туристер келіп қызығушылықпен қарайды. Бұл біздің мәдениетіміз, ұлттық құндылықтарымыз. Басқа елдер оны қызығушылықпен дәріптеп жатқанда, кейбір жат ағымдағы қандастарымыз мұны жоққа шығаруда. Бұл бәрібір тарих. Оны дамыту, ұрпақтан-ұрпаққа насихаттау әр қазақтың борышы деп білемін. “Өткенін білмеген ұлттың болашағы болмайды” деген аталы сөздің мағынасы осынау тақырыппен пара-пар. Қазақ халқы ғасырлар бойы дәстүр мен руханиятты қатар ұстаудың арқасында ұлт болып сақталды. Сондықтан қазіргі таңда ұлттық құндылықтарды ғылыми негізде түсіндіру, оларды заманауи өмір салтымен ұштастыру ерекше маңызға ие. Әсіресе жастар арасында дәстүрге деген құрмет пен дінге деген сауатты көзқарасты қалыптастыру – мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті.

Біз сөз етіп отырған өзекті тақырып – тек тарихтың сарқыншағы немесе өткеннің мұрасы емес, олар қазіргі қоғамды біріктіретін, болашақты айқындайтын тірек. Әлемдік жаһандану дәуірінде өз болмысын сақтап қала алған халық қана мәдени өркениеттің көшінен қалмайды. Бүгінгі таңда ұлттық руханиятты сақтау – қауіпсіздіктің, тұрақтылықтың, қоғамдық келісімнің кепілі. Жастардың діни және мәдени сауаттылығын арттыру, дәстүр мен діннің үйлесімін түсіндіру – экстремизмге қарсы ең пәрменді құралдардың бірі. Бұл жерде тек мемлекеттік саясат емес, отбасылық тәрбие, мектеп пен мешіттің, зиялы қауым мен БАҚ-тың рөлі ерекше. Себебі ұрпақ санасында ұлттық кодты қалыптастыру – бір күндік науқан емес, ұзақ мерзімді, жүйелі еңбек. Осы тұрғыдан алғанда, ұлттық дәстүрді құрметтеу – салт-дәстүрді дәріптеу шарасына қатысу немесе мереке кезінде ғана еске алу емес. Ол – күнделікті өмір салты, әрбір шешіміміздің, іс-әрекетіміздің негізі. Дәстүрі мен дінін үйлестіре білген халықтың болашағы берік, қоғамы тұрақты болады. Осыны терең түсінген алаш арысы Міржақып Дулатұлы былай деген:

«Құдай не жасаса, соны кереміз деу – соқырлықтың белгісі. Тағдырдың жазғаны болар деу – ақымақтықтың белгісі. Адам не тілесе, құдай соны тағдыр қылмақшы». Яғни тікен егіп, ол жерден бидай шығады деп күткен адамды – ақтап алар сөз табылмайды. Бұл ой – ұлттың тағдыры халықтың өз қолында екенін айқын көрсетеді. Жастардың діни және мәдени сауаттылығын арттыру, дәстүр мен діннің үйлесімін түсіндіру – экстремизмге қарсы ең пәрменді құралдардың бірі.

Қазақстанның тірегі, көркі, мәңгілік беріктігі – өзіндік салт-дәстүрімен, тілімен, дінімен ерекшеленеді. Әлемде қайталанбас біздің дәстүрлеріміз ұлтымыздың түп-тамыры, кемел келешектің жалғасы. Өзімізге ғана лайықты құндылықтарымызды ешкім жоққа шығара алмайды. Дін мен дәстүр ешқашан маңызын жоғалтпаған егіз ұғым. Оны бұрмалап, жастардың санасын уламаған жөн. Тарих беттерін парақтасақ, қаншама ғажап дәстүрлерімізді тани түсеміз. Мысалы, Мұхтар Әуезов жазған “Абай жолы” шығармасы тұнған тарих, қазақтың кешегі көрінісі. Құнанбайдың өзі мешіт салдырып, қажылығын өтеп келсе де, дін мен дәстүрді ұлықтаған ұлы тұлға. Кемел кемеңгерден тәлім алған Абайдың ақын болып қалыптасуы қазақи тәрбиенің жемісі екені сөзсіз.

Біз кешегіге қарағанда бүгінгі бақытты ұрпақтармыз. Бізде мүмкіндіктер өте көп. Алайда өз өткенімізді емес, өзге ұлттың дүниетанымына құмартып жүргеніміз жасырын емес. Осы тұста жат ағымның етек жаюына жол бермейік. Біз тек қана дінімізбен, дәстүрімізбен мәңгі қазақ болып қаламыз. Бұл ешқашан өзгермейтін заңдылық.

Сөз соңында бір түйір ой: ұлттық құндылықтарды сақтау – өткенге тағзым ғана емес, келер ұрпақ алдындағы тарихи жауапкершілік. Дін мен дәстүрдің үйлесімін сақтап, ұрпақ тәрбиесінде рухани байлыққа мән беру – Қазақстанның кемел келешегінің кепілі.

Авторы: АҚМАРАЛ Махамбетәлі

Біздің телеграмға қош келдіңіз!
308
0 Пікір
                                                                    
Қазір желіде отырғандар
Человек
Көп оқылған мақалалар
  • тәулік
  • апта
  • ай
  • жыл