Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Әділет министрлігінен жеке сот орындаушыларына (ЖСО) қатысты нақты түсініктеме талап етті. Оның айтуынша, прокуратура ұрлық пен алаяқтық деректері бойынша мәлімет ұсынғанына қарамастан, заң бұзған ЖСО-лар әлі күнге дейін қызметтерін жалғастырып жүр, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Бұл мәселе бүгін Мәжілісте өткен Үкімет сағатында көтерілді. Депутат әділет министрі Ерлан Сәрсембаевтан неге прокуратураның 2022 жылғы ұсынысы ескерілмегенін сұрады.
“2025 жылға таядық. Үш жыл өтті, ал заң бұзған ЖСО-лар әлі де бостандықта жүр. Осылай жалғаса бере ме?” – деді депутат.
Министр Сәрсембаев бұл сауалға: “Мәселенің соңғы нүктесін сот қояды”, – деп жауап берді. Алайда бұл жауап Базарбекті қанағаттандырмады.
- Үш жыл бойы не істедіңіздер? Министрлікке нақты және шұғыл орындауды талап еткен ұсыныс түскен болатын, – деді ол.
Министрдің айтуынша, Әділет органдары лицензиядан айыру туралы шешімді өз беттерінше қабылдай алмайды.
- Олар тек ұсыныс енгізеді. Мен әрбір ЖСО-ның ісін жеке қарап шығуға дайынмын. Егер ұсыныс мүлде берілмесе – жауапты тұлғалар жауапқа тартылады. Ал егер ұсыныс жасалып, бірақ сотта заң бұзушылық дәлелденбесе, онда сот шешімін орындау міндетті екенін түсінесіздер деп ойлаймын, – деп түсіндірді министр.
Айта кетейік, өткен жылы Алматыда 51 жеке сот орындаушысы 1000-нан астам борышкерге қатысты шара қолданбағаны үшін жауапқа тартылған болатын.
Сондай-ақ, Әділет министрлігінің мәліметінше, 2023 жылы сот орындаушылары мен нотариустарға қатысты 40 мыңға жуық шағым түскен. Азаматтар өз арыздарында, нотариустардың атқарушылық жазбаларын ресімдегенінен бейхабар болғандарын, тек мүліктеріне тыйым салынғаннан кейін ғана білгендерін айтқан.