Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Соңғы жылдары Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға сапарлары соншалықты жиілеп кеткені ел ішінде әзілге айналды – кейбіреулер оны ауылдағы туыстан да жиі келеді деп айтады. Былтыр ол Астанаға ресми сапармен келіп, Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысқан болатын. Енді арада көп уақыт өтпей жатып, ҚХР басшысы тағы да Қазақстанға келеді. Бұл жолғы сапар “Орталық Азия – Қытай” форматындағы екінші саммит аясында өтпек, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Орталық дәліз және визасыз жүйе
Саясаттанушылар мен экономистердің пайымдауынша, Қытай үшін Орталық Азия ең алдымен тұтас аймақ ретінде маңызды. Қазақстан үшін де аймақ елдерімен бірлесіп әрекет ету – Қытаймен байланыста тиімді жол. Бұл ретте Қазақстанның аймақтық серіктестіктегі жетекші рөлін жоққа шығару қиын.
2023 жылы Сиань қаласында өткен алғашқы “Орталық Азия – Қытай” саммитінен кейін аймақ пен Қытай арасындағы байланыс едәуір кеңейді. Қазақстан стратегиялық бастамалар институтының директоры Еркін Тұқымовтың айтуынша, бұл үрдіс экономикалық көрсеткіштермен дәлелденеді: 2022 жылы Қытай мен ОА елдерінің тауар айналымы 70 млрд доллар болса, қазір бұл көрсеткіш 95 млрд долларға жуықтады. Ал Транскаспий көлік дәлізі арқылы Қытайдан Еуропаға жөнелтілетін жүк көлемі үш есе артып, 1,5 млн тоннадан 4,5 млн тоннаға жетті.
Жоспар бойынша бұл көрсеткіш 2025 жылдың соңына дейін 10 млн тоннаға дейін өседі. Сонымен қатар, Қытай мен ОА елдері арасында визасыз режим кезең-кезеңімен енгізілуде. Бұл бастаманы алғашқылардың бірі болып Қазақстан іске асырды.
– 2023 жылы екіжақты визасыз жүйе енгізілгелі бері Қазақстан мен Қытай арасындағы туристер саны 9 есеге артты. 2024 жылы елімізге Қытайдан 650 мыңнан астам турист келді. Бұл тек бастамасы. Маусым айынан бастап Өзбекстан да визасыз жүйеге көшті, сондай-ақ ұқсас келісім Әзербайжанмен жасалды, – дейді Еркін Тұқымов.
Ол келесі болып Қырғызстан визасыз жүйеге қосылуы мүмкін екенін айтты. 2024 жылдың қазанынан бастап Қырғызстан Қытайдан келетін туристік топтар үшін визасыз жүйе енгізді. Сарапшының пікірінше, визалық шектеулердің жеңілдеуі Қытай мен аймақ елдері арасындағы мәдени және өркениеттік жақындасуды жеделдетеді.
Ынтымақтастықтың жаңа деңгейі
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері Қытай капиталы елде белсенді жұмыс істеп келеді. Еркін Тұқымовтың айтуынша, бұған дейін бұл әріптестік көбіне энергетика мен мұнай-химия салаларымен шектелсе, қазір қарым-қатынастың мазмұны өзгеріп жатыр.
– Бұрын біз көлемді инвестицияларға басымдық берсек, енді олардың сапасына мән беретін кезеңге өттік, – дейді ол.
Мысал ретінде ол Орта дәліз жобасын келтіреді. Қазір бұл жоба Қытай мен Еуропаны байланыстыратын балама емес, тұрақты бағыт ретінде қарастырыла бастады. “Қорғас” пен “Бақтыда” жаңа терминалдар салынып, теміржол жаңартылып жатыр, Ақтау мен Құрық порттарының қуаты ұлғайтылуда.
Жаңа Жібек жолының әлеуеті
Сарапшының мәліметінше, соңғы 15 жылда Қазақстан логистикалық инфрақұрылымға 35 миллиард доллардан астам инвестиция салды, бұл бағытта шетелдік капитал да тартылып отыр. Бірақ логистика тек жолдармен шектелмейді.
– Бағыт бойында индустриялық аймақтар, агрокешендер, технопарктер құру қажет. Мысалы, бір бөлігінде ауылшаруашылық өнімін өңдеу дамыса, басқаларында – жеңіл өнеркәсіп пен цифрлық технологиялар шоғырлануы мүмкін, – дейді Тұқымов.
Оның айтуынша, мұндай тәсіл ОА елдерінің еуразиялық өндірістік тізбекке табиғи түрде интеграциялануына жол ашады.
Білім және технология саласындағы серіктестік
Қытай – жасанды интеллект және IT саласы бойынша ғылыми жарияланымдар көлемі жөнінен көшбасшы ел. Бұл Қазақстан үшін бағдар болуы тиіс.
– Жасанды интеллект пен цифрлық экономика – Қазақстан дамуының жаңа бағыты. Бұл қоғамның кешенді жаңғыруына алып келеді, – дейді Еркін Тұқымов.
Оның пікірінше, тараптар ИИ, биотехнология, кванттық есептеулер және технопарктер салаларында бірлескен жобалар бастай алады. Сондай-ақ жоғары оқу орындары арасында да ынтымақтастық орнату мүмкіндігі бар.
Су мәселесі – болашақтағы басты тақырыптардың бірі
Сарапшының пікірінше, алдағы жылдары Қытай мен Орталық Азия үшін аса маңызды сала – су ресурстарын тиімді басқару болмақ.
– Бізді ортақ шекара ғана емес, өзендер мен су жүйелері де байланыстырады. Әсіресе климат өзгеріп жатқан кезеңде әр текше метр судың стратегиялық маңызы бар. Су ресурстарының тиімді әрі ғылыми негізделген қолданылуы – экологиялық емес, геосаяси маңызға ие мәселе, – дейді ол.
Тұқымов аймақ елдері ортақ су саясатын қалыптастырып, климатқа бейімделу стратегияларын бірге әзірлеуі керек деп санайды. Осы орайда Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттары бойынша өңірлік орталығын құру бастамасы да пайдалы болуы мүмкін.
Алдағы уақытта Қытай мен ОА елдері “ақылды” су жүйелерін дамыту, агротехнологияға инвестиция тарту және су тұтыну мәдениетін қалыптастыру бағытында бірлесіп жұмыс істеуі ықтимал.