Aстана тұрғыны электронды үкімет порталы арқылы өзінің 21 жыл бұрын тұрмысқа шыққанын білген. Бір қызығы, әйел "күйеуін" тіпті танымайтын болып шықты.
Бұл келеңсіз жәйтті дереу шешпек болған әйел тіркеу орындарына жүгінеді. Алайда АХАТ мамандары оған некені бұзу үшін күйеуімен келіп, бірге өтініш жазу керектігін айтқан. Амалы болмаған әйел 21 жыл некеде болған белгісіз жұбайын іздеп тауып, "некені жоққа шығару" туралы өтініш жазуын сұрайды. Алайда ол АХАТ бөліміне барудан да, өтініш жазудан да үзілді-кесілді бас тартқан.
Төбесінен жай түскендей болған әйел Астана қаласының әділет департаментіне шағымданады. Бірақ мұнда да "некені жоққа шығару үшін ерлі-зайыпты өтінішті бірге жасау керек" дегенді айтады. Дегенмен "қағаз түріндегі акт жазуында некеге тұрғандардың қолы қойылмаған".
"Осыдан кейін әйел елорданың әкімшілік сотына жүгінеді. Ол соттан "күйеуін" некенің күшін жоюға мәжбүрлеу туралы талап етеді. Судья соттың белсенді рөлі қағидатын қолдана отырып және дауды қараудың құқықтық салдарын түсіндіре отырып, тараптармен әңгіме жүргізді", - деп мәлімдеді Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты.