Brent
WTI
kz
kz ru
Астана
Астана
Алматы
Ақтау
Ақтөбе
Атырау
Қарағанды
Көкшетау
Қостанай
Қызылорда
Павлодар
Семей
Петропавл
Талдықорған
Тараз
Шымкент
Орал
Өскемен
CNY
MNT
KGS
UZS
TRY
Сіздің өтінішіңіз сәтті жіберілді, Рақмет!
Жаңалықтар
30 жаста 40 мемлекет: ақшаны дұрыс жинаса, саяхаттауға да болады
Маман пікірі

30 жаста 40 мемлекет: ақшаны дұрыс жинаса, саяхаттауға да болады

05.06.2020
3 мин
11
24927

Ұлан Әлімбек - Алматы қаласының тұрғыны. Ол 30 жасында 40 мемлекетте, соның ішінде 309 қалада болған. Әлемнің қай жерінде болса да, қолынан фотоаппараты түспейтін блогер 2018 жылы «Қазақстан туризмінің ең үздік парақшасы» марапатын алған. Алғашқыда өз парақшасында сапалы суреттермен бөлісіп отырса, кейін оқырман саны арта бастаған тұста «YouTube» каналына видео түсіре бастаған. Саяхаттауды өмір салтына айналдырған саяхатшы-блогер әр елде болған қызықтары мен сапарға шығу жайлы пайдалы кеңестерімен бөлісті.

«Зерттеу, жаңа нәрсені үйрені - мені жігерлендіреді»

Саяхат жайлы әңгіме болғанда бала күнім есіме түседі. Кішкентай кезімізде әлемді енді танып жатқанда айналадағы кез келген затқа қызығушылық танытамыз. Оны қолмен ұстап, көзбен көргенге асық боламыз. Менің бойымдағы дәл осы жан-жақты зерттеу, қызығушылық таныту сезімі саяхаттау үшін үлкен қадам болды. Жаңа елдердің сұлулығын көргенде менің бойымда сол бір балалық шақтағы бақыт сезімі болады. Ол - шынайы қуаныш, шынайы эмоция.Саяхат мен үшін – өмір салты. Менің ғұмырымның ажырамас бөлігі. Тіпті, ажырамастығы сол – әр жылымды жоспарлағанда саяхатқа міндетті түрде орын қалдырамын. Ең алғаш 16 жасымда Украинаға бардым. Сол сәттен бастап менің басқа мемлекеттерге деген қызығушылығым басталды. Кейде достарым Шарын, Көлсайға әлі бармағандарын айтады. Сол сәтте қалай сондай әдемі жерге бармағанына ашуланамын. Бірақ кей кезде оларға қызығамын. Себебі достарымда дәл мен сияқты бақытқа бөленіп, шынайы эмоцияға беріле алатын мүмкіндік бар. Ал мен дәл осы эмоцияны тек әр жаңа қала, жаңа мемлекетке сапар шеккенде ғана сезінемін. Себебі ол қайталанбайтын сезім.

Тапқан ақшамды саяхатқа жұмсаймын

Негізі қазіргі таңда жастар үшін ЖОО-да тәжірибе алмасу бағдарламалары көп. Сол мүмкіндікті пайдаланып, білім алуға да, басқа жердің тыныс-тіршілігімен танысуға да болады. Өкінішке орай, мен бұл мүмкіндіктерді уақытында пайдалана алмадым. Тек 3 курс оқып жүрген уақытта  «Work and Travel» бағдарламасы жайлы білдім. Сол бағдарлама арқылы достарымызбен Америкаға жұмыс істеуге бардық. Солтүстік Каролина штатында мейрамханада қасапшы болып жұмыс істедім. Ол жақтың ауа райы +45 градус ыстық, ал жұмыс істейтін жер салқын. Арасында ауырып та қалдық. Нәтижесінде 2,5 ай жұмыс істеп, өзіме қажет ақшаны жинап алдым. Достарым өздеріне керек планшет, телефондар сатып алса, мен ақшамды 1 ай саяхатқа жұмсадым. Дәл осы студент кездегі мысалдағыдай отбасын құрғанға дейін мен тапқан ақшамның бәрін саяхатқа жұмсайтынмын. Жастарға саяхаттаңдар, әлемді таныңдар деп те кеңес беремін. Ал қазір әйелім, балам бар. Сол себепті басқа да қажеттіліктер басым. Десе де, мен бір ғана айлықпен шектелмей, қосымша табыс көздерін де қарастырамын. Ай сайын табысымның 50 %-ын саяхатқа деп жинаймын. Әйелім бұл ісімді қолдайды. Саяхатқа деп ақшаны бірге жинаймыз. Мейрамхана, кафелерге жиі бармай, үйде тамақтануға тырысамыз. Қатты қымбат киімдерді де алмауға болады. Сондай-ақ, жалпы көптеген адамдардың қарапайым шылым мен алкогольді заттарды тұтынуы оның ақшасына әсер ететінін де атап айтқым келеді. Дәл осындай зиянды заттардан бас тарту сіздің бюджетіңізді бірнеше есе өсіреді.

Саяхатқа байланысты бюджет жоспарлана ма, бюджетке қатысты саяхат жоспарлана ма?

Барлығы сіздің өз бюджетіңізді жоспарлай білуіңізге байланысты. Мен әйелім мен балам алдындағы жауапкершілікті сезініп, саяхатқа шығар алдында барлығын 100% ойластырамын. Алдымен ұшақ билетіне, тұрақтайтын орынға, тамақтанатын жерге қараймын. Мәселен, ұшақ билетін саяхатқа бір жұма қалғанда немесе 1-2 ай бұрын алудың арасында үлкен айырмашылық бар. Тіпті, сіз барғыңыз келген елге тікелей рейспен ұшпай, басқа бір мемлекет арқылы ұшсаңыз бірнеше сағатыңызды жоғалтқанмен, 100 мың теңгеден де жоғары ақшаңызды үнемдей аласыз. Жеке өз тәжірибемде 1 жыл бойы ақшаны ысырап қылмай, саяхат үшін жинағаннан кейін саяхат барысында көп нәрседен бас  тартпауға тырысамын.

Ал көп жағдайда достарыма тұрақтайтын жерге қатысты кеңес беремін. Себебі басқа елде турист үшін мүмкіндік көп. Тұрақтайтын жеріңіздің ақысы да қонақ үйлерден бастап, хостелді, каучсерфингті (баратын мемлекетте тегін жатын орын ұсынатын адаммен алдын ала келісуге мүмкіндік беретін бағдарлама) таңдауыңызға байланысты әртүрлі болады. Хостелдер қонақ үйлерден 2-3 есе арзанырақ болса, каучсерфинг бағдарламасы арқылы алдын ала келісіп, тегін орынға тұрақтауға да болады. Сонымен қатар, ақшаңызды үнемдегіңіз келсе, тамақтану орындарын дұрыс таңдай білуіңіз керек. Экскурсия жүргізуші немесе гидтің қызметін жалдамай, түрлі мобильді қосымшаны пайдалануға болады.

Мен үшін ең қымбат, ең әсерлі, ең қиын сапар...

Әлемнің біраз жерінде болсам да, мен үшін ең әсерлі ел – Норвегия. Бұл елге қыс мезгілінде барсам да, табиғатының сұлулығына көз тоймайды. Сондай-ақ, 2019 жылы Орталық Азияға шыққан сапарымда Тәжікстанның табиғатын көріп таңқалдым.

Ал ең қымбат сапарым – Швейцария мен Норвегия. Бұл елдерде бір ғана жай бәліш сатып алу үшін 7-8 мың теңге кетті. Ал бір бөлке нан үшін 3-4 мың теңге төледік.

Ең қиын сапарларымның бірі – Үндістан. Нақтырақ айтсам, маған бұл елді қабылдау қиынға соқты. Олардың өмір сүру салты, тазалыққа деген қарым-қатынасы, әлеуметтік жағдайы, халқының экономикалық жағдайы ауыр еді. Мүмкін бұл сапарға шығар алдында Үндістан жайлы ақпаратты оқып, халықтың әлеуметтік жағдайымен жақынырақ танысып алған дұрысырақ болар...

Осы жылға саяхатқа жоспар құрдыңыз ба?

Осы жылы отбасымызбен Еуропаға саяхатты жоспарладық. Бұл саяхатқа ұзақ дайындалдық. Бірнеше мемлекетті, қалаларды аралаймыз деп ойладық. Жоспарда тағы да 40 мемлекетті аралау болған. Бір жасқа толған ұлымды автокреслоға отырғызуды үйретіп, арнайы жаттығулар жасап, ұзақ жолға дайындадық. Алайда, әлемде болып жатқан жағдайға байланысты бұл сапарды кейінге қалдырдық. Бірақ осы жылы Шығыс Қазақстан өңіріне, Семей, Өскемен қалаларын, Алтай тауларын көріп қайту жоспарда бар.

Қазақстандықтар баруы керек еліміздің ТОП 5 жері

Елімізде туризм саласы енді дамып келеді деп айтуға болады. Бұл жағдайда адамдардың көзқарасын әлі де қалыптастыру керек. Сонымен қатар саяхаттау үшін көп қаражат керек. Немесе сол елдің тілін, тым болмаса ағылшын тілін білу керек деген қате пікірлер кедергі болады. Шындығында кез келген кедергіні жеңу, жақсы нәрсеге ұмтылу өз қолымызда. Тіпті достарымның арасында мектеп кезінде ата-анасының түскі асқа деп берген ақшасын жинап, саяхатқа шыққандар бар. Кей жағдайда автостоппен (жүргізуші келісімімен жол-жөнекей көлік ұстау) де саяхаттайтын туристер бар. Оқырмандар арасынан бірге саяхаттауға ұсыныстар болып жатады. Жалпы туризм саласында жүргеніме 10 жыл болды. Достарым мені сарапшы ретінде қабылдайды. Ал менің ойымша, туризм саласында сарапшы болу үшін 10 жыл уақыт аздық етеді. «Travel buddies» атты командамыз бар. Түрлі турларды ұйымдастырамыз. Бір жыл көлемінде жұмыс істеп жатырмыз. Мамандығым маркетинг саласымен байланысты болса да, туризм саласы мені әлдеқайда қызықтырады. Отандық туризмді дамыту тұрғысында әлі де көп еңбектену керек. Қызмет, жол жөндеу мәселесі, тұрақтану орындары тұрғысында әлі де проблема көп. Әсіресе тәртіп пен тазалықты күшейту керек. Ал шын мәнінде елімізде табиғаты әсем, демалуға мүмкіндік беретін таңқаларлық жерлер көп. Менің ойымша, Қазақстанның 5 облысына қазақстандықтар да, шетел туристері де міндетті түрде баруы керек. Олар - Алматы облысы, Маңғыстау облысы, Шығыс Қазақстан облысы, Түркістан облысы, Ақмола облысы. Шетелден келген достарыма, өз еліміздің азаматтарына да осы өңірлерді бір көруге кеңес беремін. 

 

Біздің телеграмға қош келдіңіз!
308
11 Пікір
А
Айкерім 23.06.2021
Бар бәле шет елден келіп жатқан жоқ па?
Жауап беру
Ә
Әсем 19.06.2021
Құдай қаласа , демалуға барамын . Түркияның , Ресей елдеріне қыдырып тұрамын .
Жауап беру
Ә
Әсем 19.06.2021
Құдай қаласа , демалуға барамын . Түркияның , Ресей елдеріне қыдырып тұрамын .
Жауап беру
А
Айгул 15.06.2021
Бірінші Қазақстанның 5 облысын аралап, содан кейін шетел мемлекеттерін шықсам деймін
Жауап беру
Б
Бекзат 14.06.2021
Саяхаттангым келеды,бирак колымнан ештене келмейды
Жауап беру
А
Айдана 14.06.2021
Уйлы болгын келеды Кала аралыгым келеды
Жауап беру
А
Айдана 14.06.2021
Уйлы болгын келеды Кала аралыгым келеды
Жауап беру
К
Камшат 14.06.2021
Куаныштымын
Жауап беру
                                                                    
Тағы көру
Қазір желіде отырғандар
Человек
Көп оқылған мақалалар
  • тәулік
  • апта
  • ай
  • жыл