| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қалашығында төтенше жағдай тіркелді. Өмірбек Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайының бір бөлігі курап, айналаны шаң басты. Оқиғаға қатысты жоғары оқу орнының әкімшілігі ресми түсініктеме беріп, ғимараттың тозығы жету себептерін түсіндірді, — деп хабарлайды Dauletten.kz.
Оқиға 23 қыркүйек күні кешкі сағат 23:00-ден ауа бере орын алған. Куәгерлердің сөзінше, апат болған сәтте нысанда ешқандай жөндеу немесе құрылыс жұмыстары жүргізілмеген. Әлеуметтік желіде тараған таспалардан ғимарат айналасын қалың шаң бұлты торлағанын байқауға болады. Бұдан бөлек, желі қолданушылары апаттан кейін жарты сағат өтсе де, оқиға орнына жедел қызмет өкілдерінің келмегенін айтып шағымданды.
Төтенше жағдайдан соң университет басшылығы шұғыл мәлімдеме таратты. Оқу орны өкілдерінің айтуынша, Студенттер сарайының іргетасы 1985 жылы қаланып, құрылысы тек 1998 жылы шаруашылық тәсілмен аяқталған. Ұзаққа созылған құрылыс салдарынан нысанда бастапқыдан-ақ техникалық кемшіліктер орын алған.
- Ғимарат пайдалануға берілгеннен бері, яғни 30 жылға жуық уақыт бойы бірде-бір рет күрделі жөндеуден өтпеген. Сол себепті оның негізгі конструкциялары мен инженерлік тораптары табиғи түрде тозды. 2023 жылы жүргізілген техникалық сараптама нәтижесі де көтергіш бағандар мен ригельдерде елеулі ақаулардың бар екенін көрсеткен еді, — деп хабарлады университет өкілдері.
Университет мәліметінше, ғимараттың кейбір темірбетон элементтері мүлде орнатылмаған, ал бағандардың түйіскен жерлерін тат басып, қисайған. Бұдан бөлек, 2024 жылдың басында Алматыда болған жерасты дүмпулері де тозығы жеткен құрылымның жағдайын ушықтыра түскен.
Студенттер сарайының тарихи-мәдени маңызын ескере отырып, оқу орны ғимаратты бұзбай, толықтай қайта жаңарту және сейсмикалық төзімділігін арттыру туралы шешім қабылдады. Қазіргі таңда нысан айналасында қауіпсіздік шаралары қолға алынып жатыр.