| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Алматы облысында ауыл шаруашылығы кооперативтерінің жетекшісі мемлекеттен заңсыз субсидия алып, салықтан жалтару схемасын ұйымдастырғаны үшін сотталды. Келтірілген шығын жүздеген миллион теңгеге жеткен, — деп хабарлайды Dauletten.kz.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, «БАҒДАУЛЕТ и ПК» және «АМАНТАУ-2023» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінің басшысы екі жыл бойы Ауыл шаруашылығы басқармасына жалған есеп-қисап тапсырған.
Тергеу барысында оның сүт сатып алу, сондай-ақ ірімшік пен сары май өндіру және өткізу бойынша шындыққа сәйкес келмейтін құжаттар ұсынып отырғаны анықталған. Осы жалған мәліметтердің негізінде бюджеттен 251 миллион теңгеден астам субсидия заңсыз алынған. Алайда кооперативтердің мұндай қызметті жүзеге асыруға қажетті өндірістік мүмкіндігі мен материалдық базасы болмаған.
Бұдан бөлек, «ComputerService» жеке кәсіпкерлігі арқылы жалған электрондық шот-фактуралар рәсімделіп, салық жүктемесін төмендету схемасы қолданылған. Соның салдарынан мемлекетке төленбей қалған салық көлемі 416 миллион теңгеден асқан.
Сот қылмыстық әрекетке қатысы бар екі адамды алты жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Сонымен қатар қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған BMW автокөлігі мемлекет кірісіне тәркіленді.
Қазіргі уақытта сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.