Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Алматы полициясы қаладағы элиталық тұрғын үй кешендерінің бірінде ерлі-зайыптыларға жасалған қарақшылық шабуыл бойынша күдіктіні ұстады, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, полицейлер 20 желтоқсан күні Наурызбай ауданында жасалған ауыр қылмысты ашты.
Айта кетейік, қарақшылық шабуыл жасау әрекеті салдарынан ерлі-зайыптылар ауыр жарақат алды. Қазіргі уақытта олар ауруханада.
Қылмысты ашу мақсатында жедел-тергеу тобы құрылды.
Шабуылдаушының тұлғасы анықталды. Ол – Жетісу облысының 38 жастағы тұрғыны. Алдыңғы күні ол ұсталып, қамауға алынды.
Күдікті ерлі-зайыптыларды тонауды жоспарлағанын мойындады. Ол біраз уақыт бұрын осы отбасының үйіне жаңа жиһаз орнатқан. Сол кезде ол жұмыс берушілерінің үйінде сейф бар екенін байқаған. Бетін медициналық маска мен шарфпен жауып, жұма күні таңертең зардап шеккендердің есігін қаққан.
- Қарумен қорқытып, күдікті ақша талап еткен. Алайда, үй иесі көмекке шақыра бастаған кезде, ол ерлі-зайыптыларға оқ атып, қашып кеткен, – деді Алматы қалалық Полиция департаментінің Криминалдық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Талант Исаев.
Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Қылмыстың басқа да мән-жайы анықталуда.
Бұған дейін Nef Uptown тұрғын үй кешенінде атыс болғаны хабарланған еді. Қылмыскер өзін электрик ретінде таныстырып, тұрғын үй кешенінің аумағына кірген. Содан кейін пәтерлердің біріне кіріп, үйде болған ерлі-зайыптыларға әскери тапаншамен оқ атқан.
Екеуі де ауыр жарақат алды: әйелдің кеудесіне оқ тиіп, қолы қатты зақымданған. Ер адам ауыр жағдайда болған және бес сағаттық операция жасалды.