Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Астанада халықаралық француз мектебі ашылады, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Францияға мемлекеттік сапары барысында Астанада халықаралық мектеп ашу туралы келісімге қол қойылды.
Жаңа оқу орнының құрылысын қаржыландыруды Freedom Holding Corp өз мойнына алады, ал осы холдингтің корпоративтік қоры арқылы мектеп түлектері Францияның жоғары оқу орындарына түсе алады. Келісімге Freedom Holding Corp бас атқарушы директоры Тимур Турлов пен "Шетелдегі француз білімі" агенттігі директорының орынбасары Жан-Поль Нигрель қол қойған.
Бұл білім ордасы әлем бойынша 600-ден астам оқу орнына ие француз агенттігімен бірлесе басқарылатын болады.
Қазақстан мен Франция президенттері Астана мен Алматыда екі француз мектебін ашу идеясын қолдап, білім саласындағы ынтымақтастықты басым бағыт ретінде атап өткен болатын.
"Шетелдегі француз білімі" агенттігі директорының орынбасары Жан-Поль Нигрельдің сөзінше, бұл бастама екі ел арасындағы достықты нығайтады.
- Қазақстан француз білімін шетелде дамытуға елеулі үлес қосып отыр, бұл елдеріміз арасындағы достықты нығайтады. Біз де бұл маңызды ынтымақтастыққа өз қолдауымызды білдіреміз, - деді Жан-Поль Нигрель.
Freedom Holding Corp бас атқарушы директоры Тимур Турлов та өз пікірін білдірді.
- Мектептің жобалану және құрылыс жұмыстарына дайындық қарқынды жүруде. Оқу орнын жақын жылдары ашамыз деп жоспарлап отырмыз. Қазақстандық оқушылар еуропалық деңгейде білім алатынына сенімім мол. Біздің еліміз үшін адам капиталы – басты әрі ең маңызды құндылық, - деді ол.
ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенконың айтуынша, бүгінде Қазақстанда Франциямен бірлескен 200 компания жұмыс істейді.
- Бұл жоба қазақстандық стандарттарды ескере отырып, француз тілінде сапалы білім алуға мүмкіндік береді. Қазақстан жастары Францияда білім алып, кейін елімізде өз кәсіби білімін жүзеге асыратын болады. Қазіргі таңда Қазақстанда Франциямен бірлескен 200 компания жұмыс істейді, - деп пікір білдірді.