| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Көлік министрлігі әуе жолаушыларына бейтаныс адамдардың сәлемдемелері мен жүктерін тасымалдаудың қауіпті екенін ескертті, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Мамандардың мәліметінше, қаскүнемдер жолаушылардың сеніміне кіріп, тыйым салынған заттарды басқа қалаға немесе шетелге жеткізу үшін түрлі айла қолдануы мүмкін. Мәселен, олар белгілі бір ақыға конверт, сәлемдеме немесе багажды жеткізіп беруді сұрайды.
Бір қарағанда қарапайым өтініш болып көрінгенімен, жолаушы өзіне белгісіз заттарды тасымалдау арқылы заңсыз әрекетке араласып кетуі ықтимал.
Әсіресе халықаралық рейстерде сақ болған жөн. Себебі тауарлар мен құндылықтарды мемлекеттік шекара арқылы заңсыз өткізу контрабанда ретінде бағаланып, қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін. Заңнамада мұндай құқық бұзушылықтар үшін бас бостандығынан айыру жазасы да қарастырылған.
Осыған байланысты авиациялық әкімшілік жолаушыларға ішіндегі заттары белгісіз сәлемдемелерді қабылдамауға, жеке жүктерін қараусыз қалдырмауға және бөгде адамдардың багажға қол жеткізуіне жол бермеуге кеңес береді. Бұл талаптарды өзін таныс немесе туыстарының жақыны ретінде таныстырған адамдарға қатысты да ескерген жөн.
Ал күмәнді заттар немесе заңсыз жүк тасымалдауға қатысты ұсыныстар байқалған жағдайда дереу полицияға немесе әуежайдың авиациялық қауіпсіздік қызметіне хабарлау қажет.
Мамандар әрбір жолаушының қырағылығы әуе қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, оның қылмыстық әрекетке байқаусызда араласып кетуінің де алдын алатынын атап өтті.