Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Бүгін арнайы Dauletten.kz ақпараттық-танымдық порталы үшін 55 жылдан астам тарихы бар Президент Іс Басқармасы Медициналық орталығының «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешенінің басқарушы директоры Аян Ақмұрзин қызмет көрсету сапасы мен отандық туризмді дамыту бойынша сұхбат берді.
«Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешенінің басқарушы директоры Аян Ақмұрзин еңбек жолын осы мекемеде күзетші болып бастаған. Одан кейін спорт нұсқаушысы, швейцар, брондау жөніндегі менеджер, бас менеджер болып қызмет еткен. Жұмысына жауапкершілікпен қарайтын маман бүгінде басшылық қызметті абыроймен атқарып жүр.
– Мен түрлі салада жұмыс істеп жүріп, шипажайдың сан-салалы қызметінің қыр-сырын меңгердім. Жиған тәжірибем басшылық қызметте көп көмегін тигізеді. Жақсы басшы ұжымды басқарып қана қоймай, қарамағындағы әріптестерінен де үйрене білуі керек. Бұл адамның маман ретінде жетіліп отыруына жақсы, – дейді Аян Ерденбекұлы.
Шипажайда қызмет етіп жүргеніңізге біраз жыл болды. Емдеу-сауықтыру кешені жылына неше адамға медициналық қызмет көрсетеді?
– Қайырлы күн! Көп рақмет! Иә, шипажайға жұмысқа келгеніме он жылға жуық уақыт болды. Мұнда келуіме әкемнің туған ағасы себепші болды. Әбілхақым Ақмағамбетұлы осы мекеменің дамуына үлкен үлес қосқан адам. Ол 1998-2008 жылдар аралығында «Оқжетпес» кешенінің директоры болды. Енді сұрағыңызға келетін болсақ, біздің кешен жыл бойы қызмет көрсетеді, 248 демалушыға арналған нөмірлік қоры бар. Жылына шамамнен 10 мыңнан астам қонақтарды қабылдайды. Шипажайдың басты мақсаты - медициналық көмек көрсетудің жоғары сапасынан бөлек, қызмет көрсету деңгейін жоғары сапада ұсыну. Бізге тек ем алуға емес, сонымен қатар жаны мен тәніне тыныштық сыйлайтын сауығу демалысын аңсап келеді. Сондықтан, шипажайдағы оңалту және сауықтыру бағдарламасынан бөлек, төрт жұлдызды қонақ үй мәртебесіне сай сервисті де жоғары сапада көрсетуге ерекше көңіл бөлеміз.
Сервис, қызмет көрсетуге аса назар аударамыз дедіңіз. Демек, шипажай қызметіне кәсіп деп қарай аламыз ба?
– Мүлде. Меніңше, шипажайға кәсіп деп қарамау керек. Біздің шипажай Президент Іс Басқармасы Медициналық орталығының мекемесі. Емдеу және сауықтыру сөздері қатар жүргендіктен, біз бірінші кезекте денсаулықты нығайтуға арналған кешенбіз. Бұл дегеніміз, сервистен де жоғары орында келушілердің денсаулығы. Одан бөлек, біздің басшылық қызмет көрсету сапасы мен материалдық жабдықтардың толық қамтылу жағына ерекше көңіл бөледі. Екінші тұсы, бізде ISO 9001:2015 халықаралық стандартқа сәйкес менеджмент жүйесі енгізілген, сертификаттау ТЮФ СЕРТ неміс компаниясымен жүргізілді. Енді басты приоритет – денсаулық болғандықтан, бизнес деп қарау дұрыс емес. Дегенмен, оның тәсілдерін жұмыста пайдаланамыз, сондықтан, өз тарапымнан кеңес те бере аламын.
Бірінші кеңес – дұрыс жүйеге қою. Бір жүйе бойынша жұмыс істесеңіз, сізге де, қызметкерлерге де оңай. Әрқайсысы өз қызметін нақты білуі керек. Екінші, қызмет көрсету сапасы. Сіздің ұсынатын қызметіңіз бен оны пайдаланатын клиентіңіздің арасында дұрыс коммуникация болу керек. Ол байланысты орнататын сіз бен сіздің командаңыз. Барынша ашық болыңыз, кері байланысты тыңдай біліңіз, қабылдай біліңіз. Негізі айта берсең, кеңес көп. Бірақ жүйелеу мен ашық бола білу, меніңше, қазіргі заманның сұранысына сай маңызды дүниелер.
Шипажай десе, адамдардың ойында тек үлкен адамдар бара алады, жастарға арналған жер емес деп тұжырым жасайды. Кешенге ем алуға жастар жиі келе ме?
– Осы ойдан қонақтарды арылту үшін барынша жұмыс істеп келеміз. Денсаулықты нығайту, күшейту, оңалту – жас талғамайды. Денсаулық бәріне керек, мынаған керек, анаған керек емес деп қарай алмаймыз ғой. Қазір де чек-ап, оңалту, дұрыс тамақтану, фитнес сөздері трендте. Осы тренд келгелі бізге әр түрлі жастағы қонақтар да жиі келетін болды. Бұрын тек ата-анасына жолдама сыйлайтын болса, қазір бірге келеді. Емдеу-сауықтыру кешенінің ең жақсы тұсы бәрінің бір жерде орналасуы. Күніне 5 рет тамақтану, алдын ала таңдау мүмкіндігі бар арнайы мәзір, қымызбен емдеу, кешенді емдеудің маңызды құрамдары жинақталған Бурабайдың саф ауасы, түрлі санататағы нөмірде тұру, спорт кешені, бассейн, хаммам түрік моншасы, радонды сумен емдеу, гидротерапия, физиотерапия, сауықтыру шаралары, фитотерапия - бәрін кешендегі демалыс уақытында қатар алып, ағзаны сауықтыруға болады.
Шипажайды туристік мекен деп қарай аламыз ба? Өзіміздің елге көбірек туристер келуі үшін не істеу керек?
– Толығымен туристік мекен деп қарастыру қате шығар. Бірақ туристерге жақсы мүмкіндік бере алатын орын. Соңғы уақытта бізге басқа елден келіп жатқан қонақтар да аз емес. Осы салада жүрген маман ретінде айтатын болсам, біздің елде сауықтыру демалысына қызығушылық танытып жүрген адамдардың саны артпаса, кеміп жатқан жоқ. Оған дәлел, күнделікті сұраныс. Ондай сұраныс тек бізде емес, Қазақстандағы курорттық аймақтарда орналасқан барлық шипажайларда бар деп ойлаймын. Біріншіден, олардың да дамып, туристік орталыққа айналуы үшін – сапалы қызмет көрсете алуымыз керек.
Біздің кешен 2019 жылы Eurospa (Еуропалық стандарт) нұсқасы бойынша үздік шипажайлар қатарына кірді. Орталық Азия өңірінде Eurospa халықаралық сертификатын алған алғашқы шипажай болды. EuropeSpa стандарттары медициналық және сауықтыру индустриясындағы ең талапшыл стандарттар ретінде белгілі. Мысалы, 2014-2019 жылдар аралығында Еуропаның 13 елінен тек 26 кешен Spa Wellness сертификаттауынан өтті.
Емдеу-сауықтыру кешенінің орналасқан аймағы да үлкен рөл атқарады. Мәселен, біз климатобальнеологиялық шипажаймыз. Қарағайлы орманның экологиялық таза ауасы, Балпаш-сор көлінің емдік балшықтары және Май балық минералды суы, пантотерапия, радонотерапия, "Құлагер-Арасан" минералды суы – мұның барлығы бір жерде жинақталған. Одан бөлек, өзіміздің меншікті бұлақтың радонды суы да бар.
Табиғи факторлармен қатар заманауи емдеу-диагностикалық базамен жабдықталған. Жүрек-қантамыр жүйесінің, тыныс алу органдарының, тірек-қимыл аппаратының кең ауқымды ауруларын емдеуге және оңалтуға мүмкіндік береді. Біз әр келген қонағымызды қуана қарсы алуға, оның денсаулығын нығайтуға себепші болуға қашан да дайынбыз.
Сұхбатқа келісіп, сұрақтарымызға жауап беріп, уақыт бөлгеніңізге алғыс білдіреміз!