| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Қазақстанның Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы ер азаматтарға үндеу жасап, отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесіне тоқталды. Ол әйелге қол көтеру мен қатыгездік көрсету ислам құндылықтарына жат екенін айтып, ерлерді ашуға бой алдырмай, отбасы мүшелеріне құрметпен қарауға шақырды, — деп хабарлайды Dauletten.kz.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты үндеу жариялады.
Бас мүфти үндеуін әлеуметтік желідегі парақшасында жариялап, соңғы уақытта күйеуінің қолынан қаза тапқан әйелдер туралы ақпараттың жанына бататынын айтты.
Оның сөзінше, отбасыдағы жанжалдың соңы күш көрсетуге ұласпауы керек. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы әйелге қол көтеру мен оған қатыгездік танытуды исламның негізгі құндылықтарына қайшы деп санайды.
Муфтият ер азаматтарды ашуға берілмеуге және жанжал кезінде сабыр сақтауға шақырды.
Исламдағы отбасы ұғымында әйелге жауапкершілікпен қарау маңызды орын алады. Бас мүфтидің айтуынша, әйел ер адамға аманат етілген жан ретінде қарастырылуы керек. Сондықтан оған қысым көрсету емес, құрмет пен қамқорлық таныту қажет.
- Әйелді азапқа салу — ер азаматқа да, мұсылманға да лайық емес. Нағыз ер адам әйелді қорғап, оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуі керек, — деді муфтият.
Бас мүфтидің үндеуіндегі маңызды мәселенің бірі — отбасының қауіпсіз орта болуы.
Үй адам қорқатын жерге емес, өзін еркін әрі қауіпсіз сезінетін ортаға айналуы керек. Мұнда ерлі-зайыптылар арасындағы сыйластық, түсіністік және жауапкершілік басты рөл атқарады.
Муфтият отбасылық жанжалдың болуын қалыпты жағдай ретінде қабылдамауға шақырды. Ашумен жасалған бір әрекеттің салдары отбасы мүшелерінің өміріне қауіп төндіруі мүмкін.
Бас мүфтидің ер азаматтарға жасаған үндеуі қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі жиі талқыланып отырған кезеңде жарияланды. Оның ішінде діни тұрғыдан әйелге күш көрсетудің ақталмайтынын ашық айтуы да маңызды.
Өйткені отбасындағы зорлықты «ерлі-зайыптылардың жеке мәселесі» деп қабылдау қауіпті. Мұндай жағдай адам өмірі мен қауіпсіздігіне қатысты болған кезде ол тек отбасының емес, тұтас қоғамның мәселесіне айналады.
ҚМДБ ер азаматтарды отбасындағы жауапкершілікті күш көрсету арқылы емес, сабыр, құрмет және қамқорлық арқылы көрсетуге шақырды.