Brent
WTI
kz
kz ru
Астана
Астана
Алматы
Ақтау
Ақтөбе
Атырау
Қарағанды
Көкшетау
Қостанай
Қызылорда
Павлодар
Семей
Петропавл
Талдықорған
Тараз
Шымкент
Орал
Өскемен
CNY
MNT
KGS
UZS
TRY
Сіздің өтінішіңіз сәтті жіберілді, Рақмет!
Жаңалықтар
Баспанаға жетудің оңай жолы қандай: Отандық блогер Дәулет Төлеутайұлы өз тәжірибесімен бөліседі
БАҚ біз туралы

Баспанаға жетудің оңай жолы қандай: Отандық блогер Дәулет Төлеутайұлы өз тәжірибесімен бөліседі

12.12.2019
1 мин
1
1479

Әр қазақ баспаналы болу үшін не істеу қажет? Жаңа жылда ипотекаға байланысты қандай өзгерістер болмақ? Бұл туралы бес жылда өзіне үш пәтер алып үлгерген экономист, блогер Дәулет Төлеутайұлы сұхбат берді.

Дәулет мырза, баспана алуға жаңа жылда қандай жаңалықтар бар?

«Бақытты отбасы» бағдарламасының екінші легі болады. Сонымен қатар, «Әскери баспана» бағдарламасы да жалғасады. Одан кейін әйелдерге арналған арнайы ипотека іске қосылады. «Нұрлы жер» бағдарламасына енгізілген «5-20-25» бағдарламасы жаңартылған формамен шығады. Осы уақытқа дейін айтып жүрген «7-20-25» бағдарламасы бар. Осы бағдарламалар келесі жылы да жалғасады. Мәселен «Бақытты отбасы» бағдарламасына биыл 50 миллиард ақша бөлінсе, келесі жылы 100 миллиард ақша бөлінеді.

Баспанаға қалай жеңіл қол жеткізуге болады? Баспаналы болу үшін алдымен неден бастаған дұрыс? Кеңес ретінде не айтар едіңіз...

Баспанаға қол жеткізудің жеңіл жолы жоқ. Барлығы тірнектеп ақша жинаумен, ақша салумен келеді. Шыдамдылық, төзімділікпен келетін нәрсе. Біреудің ақшасын санамай, өз ақшасын есептеп үйрену керек. Баспаналы болу үшін ең бірінші адамның ниеті дұрыс болып, «Үйлі боламын. Ақшамды жинаймын» деген мақсат дұрыс болуы қажет. Мен мастер-класстарымда төрт сағат бойы баспанаға қол жеткізу бойынша адамдарға кеңес беремін. 

Біздің халық үшін ең тиімді ипотека қайсысы?

Егер сіз «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» ипотекасын күте алмаймын, балл жинау қиын, бағалау көрсеткішін жасай алмаймын десеңіз, онда «7-20-25» салыстырмалы түрде жақсы бағдарлама. Бірақ бұл ипотекада табыс көзін растау халыққа қиын соғуда. Өйткені ол жерде үйдің де бағасы қымбат. Орта есеппен 250-300 мың айлық керек болады. Қазір барлығымыздың басымызда несие бар. Оның барлығы табыс көзін растаған кезде кішкене қиналып қалатынымыз бар. Өзім «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» екі үй алған адам ретінде айтатын болсам, әрине, осы банктің ипотекасы мен үшін өте қолайлы. Бірақ мұнда шыдамдылық танытып, ақша жинап бағалау көрсеткішін көтеру керек. Көбірек жинаған сайын соғұрлым үстемақысы азая түседі.

Қазір баспана алу үшін халық жаппай несиеге үй алып жатыр ғой. Алайда кейбір экономистер ипотекаға баспана алуды құп көрмей жатады. Сіз бұған не дер едіңіз? 

Сырт көзбен қарап мен де «Банкке жоламаңдар. Пайызы бар. Ол – харам» деп айта саламын. Бірақ 10-20 миллион ешкімде жоқ қой. Халыққа бастапқы жарнаның өзін жинау қиын. 3 миллионды үш жыл, бес жыл жинайтын адамдар бар. Сондықтан ипотеканы құп көрмеймін деп қалтасында ақшасы бар адамдар ғана айтады. Егер жағдайың жоқ па, онда әрине ипотекаға үй алуға тура келеді. Бірақ мен үнемі шамаң жетсе, баспананы қолма-қол ақшаға ал деп айтамын. Ал шамаң жетпей ме, онда, әрине, ипотекаға барамыз.

Жер-асты байлығы бар бірнеше дамыған елдерде одан түскен пайданы халыққа бөліп береді, бізде ол жоқ. Бөлісу керек деп ойлайсыз ба?

Қазақстанның жер-асты байлығынан бұрын қазаққа бірінші білім қажет. Біз бір саланы дұрыс игермегендіктен де, шетелдік мамандарын шақырамыз. Ал егер өзіміз білімге құштар болып, жер қойнауынан шыққан байлығымызды өзіміз игерсек, қуанатын едім. Қазақстанда жер-асты байлығының барлығы болғандықтан, ол біздің халыққа тиесілі болуы керек. Өкінішке қарай, ғылыми тұрғыдан біліміміздің аздығынан шетелдік мамандарға жүгінеміз. Ал шетелдік маман ойып тұрып ақша сұрайды. Қызметіне бәленбай мың доллар айлық алады. Сол үшін әрдайым халқым білімді болайықшы деймін. Білім бізді біріктіреді. Қазақстанның жер-асты байлығы өзімізде қалсын десек, онда білімді ұрпағымыз көп болуы керек.

Ипотекаға үй алмай, қарызға батпай-ақ қазақ қалай дәулетті бола алады?

Бизнеспен айналысу керек. Онсыз болмайды. Сіз үкіметтің, болмаса, айдан-айға өмір сүретін айлыққа өмір сүретін болсаңыз, әрине, бірден дәулетті бола алмайсыз. Қазір нарықтық экономика. Оның негізгі тірегі, негізгі баюдың жолы – ол бизнес.

Адамның әл-ауқаты өзінің психологиялық ерекшеліктеріне байланысты деп жатады. Сіз қалай ойлайсыз?

Психология бір бөлек. Еңбек ету бір бөлек нәрсе. Адам әр уақытта жақсы сөз айтып, жақсы нәрсе ойлауы қажет. «Жақсы сөз, жарым ырыс» деп қазақ бір сөзбен ғана түсіндірген. Ал адамның психологиялық мінезіне келер болсақ, одан бұрын адам тәртіпке үйрену керек. Бауыржан Момышұлы атамыздың «Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» дейді. Ақша жинаудың өз тәртібі бар. Кәсіп ашып жатырсыз ба, ендеше оның да өз тәртібі болуы керек. Айналып келген кезде психологиядан бұрын адам өзін-өзі тәрбиелеп алғаны дұрыс.

Біздің халыққа қаржылық сауаттылық жетіспейді дегенге келісесіз бе? 

Қаржылық сауаттылық болмағандықтан, қаржылық сауаттылық жетіспегендіктен өзім халыққа үйретіп жатырмын. Посттар жазып, білгеніммен бөлісу үстіндемін. Өйткені мектепте барлығы математика сабағын ұната бермейді. Ал қаржылық сауаттылықтың түбі есеп-қисаппен байланысты.
Ақша сақтай алмайтындарға ақшаны қалай жинауға кеңес бересіз?

Ақша жинап үйренбеген адамдардың қасында мен сияқты «ақша жина» деп айтып жүретін мотиватор болу керек. Әйтпесе ақша сақтап үйренбегендер солай кете береді. Сондықтан ақша жинай алмайтындарға айтатын кеңесім, жаныңызға әрдайым мотивация беретін кісі болсын.

Халыққа үй алудың жолын көрсетесіз. Неше түрлі мастер-класс, тренингтер жүргізіп жүрсіз. Бірнеше адамның ипотекаға үй алуына себепкер болыпсыз. Алайда, өзіңізде әлі баспана жоқ деген рас па?

Менің баспанам бар. Бірінші үйімді өзім ақша жинап алғанмын. Оны анамның атына аударып бердім. Екінші баспананы да «Тұрғын үй құрылыс банкінен» алдым. Оны да әкемнің атына жазып қойдым. Ал үшінші баспанамды өзімнің атыма аудардым. Үкіметтен тегін баспана алайын деген ниетім жоқ, барлық үйді өзім ақша жинап алдым. Сонда 2014 жылдан бері ақша жинап үш баспана алғанмын. 

Экономист ретінде келер жылы Қазақстанның экономикалық жағдайына қандай шолу жасар едіңіз?

Экономика тұрақты нәрсе емес. Әр елдің саяси жағдайына байланысты біздің де экономика құбылмалы. Біз мұнайдың бағасына тәуелдіміз. Экономикамыз соған тікелей байланысты. Егер мұнай көтеріліп жатса, әрине, экономикамыз да жақсарады. Ал егер баррель төмендеп жатса, онда доллар да өсіп кетуі мүмкін. Жалпы салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, бізде экономикалық өсім бәрібір теріс бағытта болмайды. Экономикалық өсім 3-4 пайыз болса да, оның өзі жақсы көрсеткіш деп есептеймін. Сондықтан мен Қазақстанның 2020 жылдағы экономикалық өсіміне оң баға беремін. 
 

Ақпарат Stan.kz сайтына алынған.


 

 

Біздің телеграмға қош келдіңіз!
308
1 Пікір
S
Saltanat 03.01.2023
Керемет
Жауап беру
                                                                    
Қазір желіде отырғандар
Человек
Көп оқылған мақалалар
  • тәулік
  • апта
  • ай
  • жыл