| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Елімізде жоғары оқу орындарына қабылдау науқаны басталды. Биыл талапкерлер үшін құжат тапсыру мерзімдері, мемлекеттік грант конкурсына қатысу тәртібі және шекті балл талаптары өзгеріссіз сақталған, — деп хабарлайды Dauletten.kz.
Қазақстандағы жоғары оқу орындары 20 маусымнан бастап талапкерлерден құжат қабылдауды бастады. Осы күннен бастап мемлекеттік білім беру грантына қатыспайтын талапкерлер ақылы бөлімге түсу үшін өздері таңдаған университетке құжаттарын өткізе алады.
Ал мемлекеттік грантқа үміткерлердің өтініштері 13-20 шілде аралығында қабылданады. Осы уақыт ішінде талапкерлер бірнеше білім беру бағдарламасы мен жоғары оқу орнын таңдап, грант конкурсына қатысуға өтініш бере алады.
Өтінішті еліміздегі кез келген жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясы арқылы тапсыруға болады. Сонымен қатар құжаттарды жоғары оқу орындарының виртуалды қабылдау комиссиялары немесе eGov порталы арқылы онлайн жолдау мүмкіндігі де қарастырылған.
Биыл жоғары оқу орындарына түсуге қажетті ең төменгі шекті балл өзгерген жоқ. Ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін кемінде 65 балл, өзге университеттерге 50 балл жинау қажет.
Ал «Педагогикалық ғылымдар» және «Құқық» бағыттарына түсу үшін 75 балл, «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша 70 балл талап етіледі.
Сондай-ақ талапкерлер «Қазақстан тарихы» мен екі бейіндік пәннен немесе шығармашылық емтиханнан кемінде 5 балл, ал «Оқу сауаттылығы» және «Математикалық сауаттылық» пәндерінен кемінде 3 балл жинауы тиіс. Айта кету керек, жоғары оқу орындары өздерінің білім беру бағдарламалары бойынша бұдан да жоғары шекті балл белгілеуі мүмкін.
Министрліктің мәліметінше, мемлекеттік білім беру гранттарының иегерлері 2026 жылғы 10 тамызға дейін жарияланады. Ал жоғары оқу орындарына құжат қабылдау 25 тамызға дейін жалғасады.
Мамандар талапкерлерге шығармашылық және арнайы емтихандардың мерзімі, оқу шарттары, жатақханамен қамтамасыз ету және өзге де мәселелер бойынша таңдаған жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясынан нақты ақпарат алуға кеңес береді.