Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Мақтаарал ауданын су басқанда жұрт жан-жақтан көмек берді. Блогер Дәулет Мұқаевтың Instagram желісіндегі оқырмандары науқанға атсалысу мақсатында 24 млн 297 мың теңге жинады. Дәулет Төлеутайұлы жиналған қаржыға Acer, Asus, HP брендінен 160 ноутбук сатып алды. 22 мамыр күні Мырзакент кентінде салтанатты жиын өтіп, мектеп бітіруші түлектер мен сынып жетекшілеріне ноутбук табыстады.
Ноутбук табыстау рәсіміне аудан тұрғындары мен мектеп бітіруші түлектер жиналды. Сыйлықты алатын мектеп бітіруші түлектер мен сынып жетекшілер тізімделіп, рет бойынша ноутбугын алды. Дәулет Мұқаев аталғандардан бөлек аудан тұрғыны, жалғызбасты, көпбалалы (7 бала) анаға ноутбук сыйға тартты. Оған қоса, экономист ноутбук ие болған әрбір адамға өзінің «Баспанаға бағыт» кітабын тарту етті.
«Студент кезімде ноутбук қажет болды. Ата-анам ноутбукты несиеге алып, 1 жыл бойы төледі. Мақтаарал ауданындағы мектеп бітіруші түліктерге ноутбук сыйлаудың бір себебі – осы. Олардың ата-аналары келешекте ноутбук сатып алу үшін несие алмайтын болады. Бұл біздің оқушыларға көрсеткен көмегіміз. Білімге құйған инвестициямыз. 150-ден астам оқушыға ноутбук табыстадық. Оқырмандарыммен мақтанамын, оқырмандарым менімен мақтанады. Дәулеттің оқырмандары – қайырымдылық бренді», – деді ол Мырзакент кентіндегі С.Рахимов мектебінде өткен жиында.
Сондай-ақ ол оқушыларды білім алуға, үйренуге, талмай еңбек етуге шақырды. Қайырымдылық жасауға асыққан, үлес қосқан әрбір оқырманына алғыс айтты. Дәулеттің оқырмандары аталған кешке арнайылап тәтті пісірген. Салтанатты жиынға қатысқан түлектер мен ұстаздар тәтті бәліштен дәм татты.
Ақпарат aikyn.kz сайтынан алынды.