Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров Премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған сауалында елімізде жастар арасында ажырасу көбейіп бара жатқанын айтып, бұл жағдайдың алдын алу үшін нақты шаралар қажет екенін жеткізді, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Депутаттың айтуынша, Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2023 жылы 120,8 мың неке тіркелсе, оның 40,2 мыңы ажырасумен аяқталған.
- Мұның сыртында тіркелмегенімен, берекесі кеткен қаншама отбасы бар?! Бүгінде 400 мың әйел мен 60 мың ер азамат жалғызбасты отбасы ретінде өмір сүріп жатыр. Бұл — үлкен дағдарыс. Халқымызда "Екі жақсы бас қосса, бірін-бірі қиялмас" деген дана сөз бар. Бірақ біз неге осындай жағдайға тап болдық? Ер-азаматтарымыздың намысы мен қыздарымыздың көрегендігі қайда қалды? Отбасы мәселесін шешпей, жаһандық трендтерге ілесе беру ұлт ретінде дағдарысқа әкелуі мүмкін, – деді Ардақ Назаров депутаттық сауалында.
Ол отбасын сақтап қалу мен неке институтын нығайту жолында тиімді тәсілдер бар екенін алға тартты:
• Біріншіден, ажырасуға арыз берер алдында ерлі-зайыптылардан жоғары көлемдегі мемлекеттік баж салығын төлеу міндетін енгізу ұсынылады. Сондай-ақ, ажырасқан азаматтарға табыс салығын кезең-кезеңімен көбейту қарастырылуы тиіс.
• Екіншіден, ажырасуға ниет білдірген жұптарды сотқа дейін ақсақалдар кеңесі, әйелдер кеңесі, имамдар мен ардагерлерден құралған консультативтік-кеңесші органдармен кездестіріп, татуластыру шараларын жүргізу ұсынылды.
Сонымен қатар Назаров жас отбасыларды қолдауға бағытталған “Жас отбасы” ұлттық бағдарламасын әзірлеу қажет екенін айтты. Бұл бағдарлама аясында баспана, балабақша, жұмысқа орналасу мен бала тәрбиесіне қатысты кешенді қолдау көрсетілуі тиіс.
Ол ипотекалық жеңілдіктер, жәрдемақылар мен салықтық демалыс сияқты әлеуметтік шаралар ажырасу деңгейін төмендетуге ықпал ететінін атап өтті.
Тағы бір маңызды ұсынысы – үйлену тойына несие алуға қарсы ақпараттық-идеологиялық науқан өткізу. Назаровтың сөзінше, көп жастар той үшін банктен несие алып, кейін жылдар бойы қарыз өтеп, отбасы өмірін қиындатып жібереді.
- Сол себепті үкіметке қаржылық сауаттылықты арттыру, несиеге той жасамауға үндеу тастау қажет. Бұл бастаманы қоғам белсенділері, дін өкілдері, медиа мен блогерлер қолдаса, "Қарапайым той – берекелі отбасы" деген ұранмен ұлттық деңгейде бастама көтеруге болады, – деді депутат.
Ардақ Назаровтың пікірінше, отбасы – мемлекеттің негізі, ал ажырасу тек жеке адамның мәселесі емес, бүкіл елдің тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне әсер ететін маңызды фактор. Ол үкімет пен парламентке жастарды тәрбиелеу, отбасылық құндылықтарды дәріптеу мен әлеуметтік қолдауды стратегиялық басымдық ретінде қарауды ұсынды. Депутат бұл ұсыныстарды дереу іске асыру қажет екенін айтып, нақты әрекет пен нәтиже күтетінін жеткізді.