| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Қазақстанда докторантураға түсу емтиханына өтініш қабылдау басталды. Биыл талапкерлер үшін бірқатар жаңа талап енгізіліп, құжаттар тізімі де толықты, — деп хабарлайды Dauletten.kz.
3 шілдеден бастап елімізде докторантураға түсу емтиханына өтініш қабылдау басталды. Құжаттарды қабылдау 3 тамызға дейін жалғасады, ал емтихан 4-20 тамыз аралығында өтеді.
Тіркелу Ұлттық тестілеу орталығының платформасы арқылы жүргізіледі. Талапкерлер тек бір жоғары оқу орнын және білім беру бағдарламаларының бір тобын таңдай алады. Өтінішке енгізілген мәліметтерді 3 тамызға дейін өзгертуге немесе жоюға мүмкіндік бар. Ал емтиханның өтетін орны мен уақыты туралы ақпарат 9 тамызда жеке кабинетте жарияланады.
Түсу емтиханы әңгімелесу, эссе жазу және білім беру бағдарламасы тобының бейіні бойынша емтиханнан тұрады. Жалпы ең жоғары көрсеткіш – 100 балл. Оның ішінде әңгімелесу – 30 балл, эссе – 20 балл, бейіндік емтихан – 50 балл. Мемлекеттік білім беру гранты конкурсына қатысу және ақылы негізде оқуға түсу үшін кемінде 75 балл жинау қажет.
Биылғы қабылдаудың басты жаңалығы – құжаттар тізімінің кеңеюі. Енді талапкерлер ғылыми зерттеу жобасын (Research Proposal), зерттеу жүргізу жоспарын, соңғы үш жылдағы ғылыми жарияланымдарының тізімін (бар болған жағдайда) және эссе ұсынады.
Сондай-ақ докторантураға түсу үшін ҚАЗТЕСТ сертификаты және кемінде В1 деңгейіндегі шет тілін меңгергенін растайтын сертификат қажет. Бұл талап кейбір педагогикалық білім беру бағдарламаларына қолданылмайды. Ал TOEFL ITP сертификаты бар талапкерлер ағылшын тілінен қосымша тестілеуден өтеді.
Бұдан бөлек, бейіні бойынша докторлар бағдарламасына, индустриялық PhD және DBA бағдарламаларына түсетіндер үшін жеке талаптар қарастырылған. Бұл бағытта шет тілінен сертификаттың белгілі бір деңгейі талап етілмейді әрі эссе жазылмайды. Ең жоғары балл – 80, ал шекті балл – 50.