Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Әлемде болып жатқан жағдайларға байланысты экономикада біраз өзгеріс болды. Бірнеше айдың өзінде пандемияның біздің жағдайға әсерін байқадық. Экономиканың ендігі жағдайы қалай боларын отандық сарапшылардың көмегімен болжап көрейік.
Бірінші кезекте біздің экономика әлемдікімен байланысты екенін ескеру керек. Десе де, халықаралық агенттіктердің де, отандық сарапшылардың да болжамы көңіл қуантарлық емес. Экономиканың қашан толық жанданатынын да ешкім айта алмайды.
Теңгенің құнсыздану қаупі бар
Ал теңге бағамының өсуіне байланысты сарапшылар бұл үрдістің ұзаққа бармайтынын атап өтті. Экономист Мақсат Халық оған мұнай бағасының көтеріле бастауы, рубльдің нығаюы, ОПЕК+ елдерінің өзара келісімінен бөлек, қазақстандықтардың шетелге саяхаттай алмауы да себеп болып отырғанын айтады. Себебі жылда жаз басталған уақытта доллардың қымбаттауы белгілі бір дәрежеде қазақстандықтардың басқа елге жасаған саяхатына да байланысты. Оның үстіне, ұлттық компаниялардың президент тапсырмасы бойынша елге долларлық табысын әкелуі де теңгенің нығаюына өз септігін тигізді.
Дегенмен сарапшылар ұлттық валютаның нығаюы ұзаққа созылмайтынын айтады. Өйткені мұнай бағасы тұрақсыз болып тұр. Ал ел экономикасы үшін мұнайдың 40 доллардан төмендеуі мүлде тиімсіз. Өйткені қара алтын бағасы барреліне 55 доллардан асса ғана бюджетке табыс түсе бастайды.
«Ryskulov analitics» орталығының директоры Жасұлан Көшебаев Қытай мен АҚШ сияқты алпауыт елдерде пайда болған пандемияның жаңа толқыны өндіріс орындарының жабылуына, ал олардың жабылуы мұнайға деген сұраныстың төмендеуіне әкеп соғатынын айтады. Оның пікірінше, доллар бағамы ең көп дегенде 450 теңгеге барады.
Соңғы екі қаржылық дағдарыстан да қиын жағдай
Қазіргі жағдайда экономикамыз құлдырап барады. Ұлттық экономика министрлігі ішкі өнім өсімі минус көрсеткішті соңғы 22 жылда көрсетпегенін айтты. Тіпті 2007-2009 жылдар мен 2014-2016 жылдар аралығындағы қаржылық дағдарыстардан бір-ақ пайыз болса да өсіммен шыққан едік. Ендігі жерде экономикамыз минус 9 пайызды көрсетеді деп болжанып отыр.
Мақсат Халық қазір мемлекетте ақша болғандықтан, халыққа қиындық аса сезілмей отырғанын айтты. Бірақ дағдарыс заңы жұмыс орындары жабылып, шағын және орта бизнес зардап шегіп, қымбатшылық орнауы мүмкін екені белгілі. Экономистің ойынша, үкіметтің бизнеске осы уақытқа дейін көрсеткен көмегі жеткіліксіз. Сондықтан осындай сын сағатта шағын және орта бизнеске мемлекет әлі де қолдау көрсету керек.
Елдегі жұмыссыздар санын нақты анықтау маңызды
Пандемияға дейін жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайыз болды. Бірақ экономист Мақсат Халықтың ойынша, бұл шындыққа жанаспайды. Яғни, статистика қате, ал жұмыссыздық деңгейі 15 пайызға баратын көрінеді. Оның сөзінше, елімізде 2 миллион адам – өз-өзін жұмыспен қамтығандар. Бірақ олардың кем дегенде 1 миллионы – жұмыссыз. Мақсат мырзаның пікірінше, карантин кезінде үкіметтің 4,5 миллион қазақстандыққа 42 500 теңгеден беруі осы сөзінің дәлелі, егер мемлекет мәлімдегендей жұмыссыздар саны аз болса, мемлекеттен көмек сұраушылар мұндай көп болмайтынын айтты.
Сондықтан сарапшы Ұлттық экономика министрлігі бірінші кезекте бұл олқылықтың орнын толтырып, жұмыссыздар санын нақты анықтау керегін, кейіннен оларды есепке алып, жұмыспен қамту мәселесімен айналысуы орынды болатынын жөн санайды.
Тағы көру