Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2023 жылғы қаңтар-қыркүйек аралығында еліміздегі курортты аймақтарға 3 млн 73 мыңнан астам адам барған. Бұл – 2022 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 344 мың адамға көп. Яғни, 2022 жылғы сәйкес кезең бойынша өсім 12,6%-ға артқан. 2022 жылдың 9 айында еліміздегі курорттарға 2 млн 729 мың адам келген. Осы орайда, назарларыңызға 2023 жылғы қаңтар-қыркүйек аралығында туристер көп барған Қазақстанның ең танымал ТОП-5 курортты аймағын ұсынамыз.
2023 жылғы алғашқы 9 айдың қорытындысы бойынша, Алматы тау кластері еліміздегі ең танымал курортты аймақ деп танылды. Өткен жылдың қаңтар-қыркүйек аралығында Алматы тау кластеріне 1 млн 728 мың турист келген. Рейтингтің екінші орны Маңғыстау курорттарына тиесілі.
Еліміздің батыс аймағындағы курортты мекенге 299 мың адам барған. Үшінші орынға 243 мың турист қабылдаған Щучье-Бурабай курортты аймағы жайғасты. Сонымен қатар үздік бестіктің қатарына еліміздегі ең танымал екі жазғы демалыс орны еніп отыр. Алакөлдің Абай облысындағы бөлігіне тоғыз айда 204 мың турист келсе, Балқаш курорттық аймағына 94 мың саяхатшы барған.
«Кейінгі жылдары Қазақстанның ішкі туризмі қарқынды дамып келеді. Еліміздегі курорттар тек отандық демалушылардың ғана емес, шетелдік қонақтардың да қызығушылығына ие. Министрлік бұл көрсеткіштерді мемлекеттік қолдау іс-шаралары аясында ұлғайтуға мүдделі. Бүгінгі таңда кез келген турист үшін демалыс орнын таңдаудағы негізгі критерийлердің бірі – инфрақұрылым екені белгілі. Сондықтан туристік орындардағы инфрақұрылымды жақсарту бойынша жұмыстар әрі қарай да жалғаса бермек. Өкінішке қарай, кейбір курорттардың әлеуеті әлі де толық ашылмаған. Мысалы, Катонқарағай курортты аймағының табиғаты жоғарыда аталған туристік орындардан еш кем түспейді. Бірақ өткен жылдың 9 айында Катонқарағайға небәрі 7,8 мың адам келген», - деді Туризм және спорт министрінің орынбасары Ержан Еркінбаев.
Статистикалық мәліметтер бойынша, курортты аймақтардағы орналастыру орындарында көрсетілген қызметтердің табысы да өскен. 2022 жылғы қаңтардан қыркүйекке дейін курортты аймақтардың конақ үйлері 74 млрд теңгеден астам сомаға қызмет көрсетсе, 2023 жылдың осы кезеңінде көрсеткіш 29 млрд теңгеге өсіп, табыс 103 млрд теңгеге жеткен. Жылдық өсім – 39%.