| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Каспий теңізінде оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау барысында суға кеткен екі әскери қызметшіні іздеу-құтқару операциясы жалғасып жатыр. Жұмыстар Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен құрылған Үкіметтік комиссияның тапсырмасына сәйкес жүргізілуде, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Оқиға орнындағы іздестіру-құтқару жұмыстарына Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов тікелей басшылық жасап отыр. Жедел штаб құрамына Қорғаныс министрлігінің, ҰҚК Шекара қызметінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің, Ішкі істер министрлігінің және Маңғыстау облысының жергілікті атқарушы органдарының өкілдері енгізілген.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, іздеу жұмыстарына барлығы 252 әскери қызметші мен қызметкер, 34 арнайы жерүсті техникасы, 37 әскери сүңгуір, 14 кеме мен катер жұмылдырылған. Сонымен қатар, операцияға 20-дан астам әуе кемесі, оның ішінде төрт тікұшақ тартылған.
Қазір мамандар Каспийдің су айдынын, жағалау бөлігін және оған іргелес аумақтарды әуеден және суда үздіксіз тексеріп жатыр. Іздестіру жұмыстарына ведомстволардың барлық қажетті күштері мен құралдары тартылған.
Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Арнайы комиссия әскери оқу-жаттығу кезінде болған жағдайдың себептері мен барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Қорғаныс министрлігі қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына, сондай-ақ зардап шеккен әскери қызметшілерге қажетті материалдық және психологиялық көмек көрсетіліп жатқанын хабарлады.
Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілер қаза тапқан болатын. Алғашқы ақпарат бойынша, тоғыз әскери қызметшінің қаза болғаны хабарланған. Үш әскери қызметші құтқарылып, олардың біреуі ауруханаға жатқызылды.
Кейін қаза болған әскери қызметшілердің саны 12 адамға жеткені белгілі болды. Қазіргі уақытта тағы екі әскери қызметші іздестіріліп жатыр.
Қорғаныс министрлігі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің аты-жөнін жариялады. Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына көңіл айтты. Қайғылы оқиғаға байланысты Ақтауда үш күнге жоспарланған мерекелік шаралар да өткізілмейтіні хабарланды.
Сонымен қатар, Халық Кеңесі мүшелері қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына 815 млн теңге бөлінетінін мәлімдеді.