454.98
509.53
5.37
Brent
WTI
kz
kz ru
Астана
Астана
Алматы
Ақтау
Ақтөбе
Атырау
Қарағанды
Көкшетау
Қостанай
Қызылорда
Павлодар
Семей
Петропавл
Талдықорған
Тараз
Шымкент
Орал
Өскемен
CNY
MNT
KGS
UZS
TRY
Сіздің өтінішіңіз сәтті жіберілді, Рақмет!
Жаңалықтар
Мемлекет басшысы мұғалімдерді кәсіби мерекесімен құттықтады
Жаңалықтар

Мемлекет басшысы мұғалімдерді кәсіби мерекесімен құттықтады

05.10.2026
мин
0
82
Сурет: Ақорда

Ақордада Ұстаздар күніне орай салтанатты іс-шара өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев педагогтерді кәсіби мерекесімен құттықтап, ұстаз еңбегінің қоғамдағы маңызын атап өтті. Президент білім беру саласындағы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, мектеп инфрақұрылымы, педагог мәртебесі, жас мамандарды қолдау және жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізу мәселелеріне назар аударды, - деп хабарлайды Dauletten.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев Мұғалім күнінің бүкіл қоғамды біріктіретін, халықтық сипатқа ие қастерлі мерекеге айналғанын атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, ұстаз әр адамның өмірінде ерекше орын алады. Ол мұғалімді ұлықтау өркениетті қоғамның маңызды қасиеттерінің бірі екенін айтты. Президент Абайдың адам болмысының қалыптасуында жақсы ұстаздың рөліне мән бергенін, ал Мұхтар Әуезов ұстазды «ұлы есім» деп бағалағанын атап өтті. Президент мұғалімдер қауымының ұлт болашағы үшін атқарып отырған еңбегіне алғыс білдіріп, ақпарат ағыны күшейіп, озық технологиялар қарқынды дамып жатқан қазіргі кезеңде педагогтің рөлі арта түскеніне тоқталды.

Педагогтерді қолдауға басымдық берілуде

Мемлекет басшысы ұстаздарды жан-жақты қолдау жұмысына айрықша мән беретінін айтты. Президенттің сөзінше, елімізде «Педагог мәртебесі туралы» арнайы заң қабылданды. Мемлекеттік марапаттар тізіміне «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы енгізілді. Бірқатар мұғалім «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болды. Сондай-ақ 5 қазан Мұғалімдердің кәсіби мерекесі ретінде бекітілген. Президент бұл күні еліміздің барлық өңірінде ұстаздарға құрмет көрсетіліп, педагогтер марапатталып жатқанын айтты.

Соңғы жеті жылда 1342 мектеп салынған

Мемлекет басшысы жас ұрпақтың дамыған мемлекетте, қауіпсіз ортада және өркениетті қоғамда өмір сүруі керек екенін атап өтті. Қазір Қазақстанда 4 миллионнан астам оқушы бар. Бұл – елдегі әрбір бесінші азаматтың мектепте білім алып жатқанын білдіреді. Президенттің мәліметінше, соңғы жеті жылда елімізде 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1342 мектеп салынған. Биыл тағы 101 мектеп салынып жатыр. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында білім беру мекемелерінің жаңа стандарты қалыптасқан. Осы жоба бойынша 460 мың оқушыға арналған 217 мектеп салынған. Оның 84-і, яғни шамамен 40 пайызы ауылдық жерде орналасқан. Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл мен қала мектептерінің оқушыларына сапалы білім алуға бірдей мүмкіндік берілуі керек екенін атап өтті. Оның айтуынша, өңірлерде мектеп тапшылығы болмауға тиіс.

Педагог мамандығын таңдаған жастар көбейіп келеді

Президент педагогика мамандығын таңдаған жастар санының артып келе жатқанын оң үрдіс ретінде бағалады. Биыл 12 мыңнан астам түлек, оның 2 мыңнан аса «Алтын белгі» иегері педагогика мамандығы бойынша мемлекеттік грант иеленген. Педагогикалық бағытта білім алып жатқан студенттердің шәкіртақысы 2,5 есе көбейген. Ал жаңа оқу жылы қарсаңында өңірлерде 15 мыңнан астам мұғалім жұмысқа қабылданған. Олардың жартысына жуығы – жас мамандар. Мемлекет басшысы жас педагогтерге тәжірибелі ұстаздардың қолдау көрсетуі маңызды екенін айтты. Оның пікірінше, бұл кәсіби сабақтастықты қалыптастырып, жас мамандардың өз ісінің шебері болып қалыптасуына мүмкіндік береді.

Жасанды интеллект білім беру жүйесіне енгізілуде

Президент білім беру саласында жасанды интеллект технологияларын қолдану мәселесіне де тоқталды. Мемлекет басшысының айтуынша, оның тапсырмасымен жасанды интеллектіні орта білім беру жүйесіне жоспарлы түрде енгізу үдерісі басталған. Жаңа технологияларды дұрыс пайдалану мұғалімдердің жұмысын жеңілдетіп, оларды артық міндеттерден босатуға мүмкіндік беруі керек.

Президент ұстаздың оқушымен тікелей жұмыс істеуіне, тәлімгерлікке және білім алушының дамуына көбірек уақыт бөлінуі қажет екенін атап өтті. Оқу-ағарту министрлігі биыл қыркүйек айында білім беру саласында жасанды интеллектіні қолдану стандартын бекіткен. Сонымен қатар қаладағы және шалғай ауылдардағы мектептердің озық әдістемелер мен цифрлық платформаларға қол жеткізуіне жағдай жасалатыны айтылды. Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық PISA-2025 зерттеуінің нәтижесіне де тоқталып, Қазақстан мектептерінің цифрлық дайындық деңгейі Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше мемлекеттердің орташа көрсеткішінен жоғары болғанын айтты. Сондай-ақ оқушылардың когнитивті бейімделу индексі де орташа көрсеткіштен жоғарылаған Президент бұл нәтижелерге тоқмейілсуге болмайтынын айтып, білім беру саласында әлі де ауқымды жұмыс атқару қажет екенін атап өтті.

Мақсат – білімді әрі тәрбиелі ұрпақ қалыптастыру

Мемлекет басшысы білім берудің міндеті тек білім берумен шектелмейтінін атап өтті. Оның айтуынша, еңбекқор, білімге құштар, ізденімпаз және жауапкершілігі жоғары ұрпақ тәрбиелеу маңызды. Президент балалардың қызығушылықтары мен қажеттіліктерін ескеріп, оларды шынайы өмірде де, виртуалды кеңістікте де қорғау қажет екенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек адамның жетістікке жетуіндегі негізгі факторлардың бірі екенін атап өтіп, балаларға еңбектің маңызын түсіндіру қажет екенін жеткізді. Мемлекет басшысы Қазақстанның стратегиялық мақсаты – биік мақсаттарға ұмтылатын, бәсекеден тайсалмайтын жасампаз ұрпақ тәрбиелеу екенін айтты.

Ұстаз – адал азамат тәрбиесінің негізі

Президент сөзінің соңында қоғамда жаңа этиканың қалыптасып келе жатқанына назар аударды. Оның айтуынша, тазалық, еңбекқорлық, адалдық және өзара сыйластық қасиеттері ұлттық дағдыға айналып келеді.

Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» акциясының жалпыұлттық сипат алғанын айтып, табиғатты аялау мен жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңызын атап өтті. Бұл ретте ұстаздардың да елдік маңызы бар бастамаларға қосып отырған үлесі зор екеніне тоқталды. Президенттің айтуынша, көзі ашық, көкірегі ояу, тәрбиелі, заңға бағынатын адал азаматтар ең алдымен мектептегі мұғалімнен тәлім алады. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің барлық ұстазына шынайы ризашылығын білдіріп, ұстаздық жолды таңдаған әр адамның еңбегі зор құрметке лайық екенін атап өтті.

Біздің телеграмға қош келдіңіз!
308
0 Пікір
                                                                    
Қазір желіде отырғандар
Человек
Көп оқылған мақалалар
  • тәулік
  • апта
  • ай
  • жыл