Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Dauletten.kz Мемлекеттік Әнұранның тарихына шолу жасады.
1943 жылы Қазақ КСР-ның алғашқы Мемлекеттік Әнұранын жасауға байқау жарияланған болатын. Соңғы нұсқасы ретінде Мұқан Төлебаев, Евгений Григорьевич Брусиловский мен Латиф Абдулхайұлы Хамидидің әуеніне жазылған Ә. Тәжібаевтың, Қ. Мұқамедханов, Ғ. Мүсіреповтың мәтіні қабылданды. Кейбір деректер бойынша сол әнұран мәтінінің толыққанды авторы Қ. Мұхамедханов болып табылады, ал басқа авторлардың үлесі мәтін басындағы «ер қазақ»-тан «біз қазақ»-қа ауыстыруымен шектеледі.Әнұран 1945 жылы бекітілді. Кеңестік дәуірдегі әнұранының сөзі коммунистік идеология талабына сай, жалған оптимистік рухта жазылған еді. Оның мәтіні төмендегідей болды:
Қазақ КСР-ның (ССР-ның) Мемлекеттік Әнұраны
Біз қазақ ежелден еркіндік аңсаған,
Бостандық өмір мен ар үшін қиған жан.
Торлаған тұманнан жол таппай тұрғанда,
Жарқырап Лениндей күн шығып, атты таң.
Жасасын Советтер Одағы,
Жеткізген еркіндік, теңдікке,
Бастайтын елдерді бірлікке,
Жеңіске, шаттыққа, ерлікке!
Дақ салмай Лениннің жеңімпаз салтына,
Ұрпағы қосты даңқ Отанның даңқына,
Одақтас, ұрандас елдердің қамқоры,
Көп алғыс айтамыз ұлы орыс халқына.
Жасасын Советтер Одағы,
Жеткізген еркіндік, теңдікке,
Бастайтын елдерді достыққа,
Жеңіске, шаттыққа, ерлікке!
Іргелі мемлекет, ерікті болдық ел,
Достықпен, бірлікпен жайнайды туған жер.
Еңбекте, майданда, жеткізген жеңіске
Данышпан партия — сүйікті кемеңгер.
Жасасын Советтер Одағы,
Жеткізген еркіндік, теңдікке,
Бастайтын елдерді бақытқа,
Жеңіске, шаттыққа, ерлікке!
Ал еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін қазақтардың бірнеше ұрпақтарының көпғасырлық арманы - азаттық пен зайырлылықты бейнелейтін жаңа әнұранын әзірлеу қажеттігі туындады.
Соған байланысты 1992 жылы республика әнұранының мәтіні мен әніне конкурс жарияланды. Комиссия іріктеуіне барлығы 750 жоба келіп түсті. Конкурста төрт ақынның: Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев және ақын Жадыра Дәрібаеваның бірлесіп жазған мәтіні жеңіске жетті. Әнұран әні сол күйінде қалдырылды, алғашқы авторлары Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский және Латиф Хамиди еді.
Қазақстан Республикасының 1992-2006 жылдардағы Мемлекеттік Әнұраны
Жаралған намыстан қаһарман халықпыз,
Азаттық жолында жалындап жаныппыз.
Тағдырдың тезінен, тозақтың өзінен
Аман-сау қалыппыз, аман-сау қалыппыз.
Еркіндік қыраны шарықта,
Елдікке шақырып тірлікте!
Алыптың қуаты — халықта,
Халықтың қуаты — бірлікте!
Ардақтап анасын, құрметтеп данасын,
Бауырға басқанбыз баршаның баласын.
Татулық, достықтың киелі бесігі -
Мейірбан Ұлы Отан, қазақтың даласы!
Еркіндік қыраны шарықта,
Елдікке шақырып тірлікте!
Алыптың қуаты — халықта,
Халықтың қуаты — бірлікте!
Талайды өткердік, өткенге салауат,
Келешек ғажайып, келешек ғаламат!
Ар-ождан, ана тіл, өнеге-салтымыз,
Ерлік те, елдік те ұрпаққа аманат!
Еркіндік қыраны шарықта,
Елдікке шақырып тірлікте!
Алыптың қуаты — халықта,
Халықтың қуаты — бірлікте!
2006 жылы жаңа әнұран ретінде сол кездегі халық арасында кеңінен танымал «Менің Қазақстаным» патриоттық әні таңдап алынады. Ондағы мақсат - дыбыстық нышанның танымалдығын арттыру. Бұл әнді Шәмші Қалдаяқов 1956 жылы Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазған. Сол кездің өзінде бейресми әнұран саналған.
Осылайша халық ауызында жатталған ән Парламент депутаттарының қолдауымен жаңа әнұран ретінде бекітілетін болып, бірақ мәтініне өзгеріс енгізілуін алға тартқан.
Осы тұста Тұңғыш Президенті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әнге мемлекеттік әнұран жоғары мәртебесін беру мақсатында және оның салтанатты шырқалуы үшін музыкалық туындының бастапқы мәтінін өңдеген. Яғни әннің түпнұсқасы өзгерді.
Қазақстан Парламенті 2006 жылдың 6 қаңтарында палаталардың бірлескен отырысында «Мемлекеттік рәміздер туралы» Жарлыққа тиісті түзету енгізіп, еліміздің жаңа мемлекеттік әнұраны бекітіледі.