Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Қазақстанда несие алуға қабілетті 9 млн азаматтың 7 млн 200 мыңы банкке қарыз. Бұл туралы Бірінші кредиттік бюро хабарлайды.
Қазіргі кезде елде індеттің таралуы жағдайды қиындата түсті. Несиені төлей алмай, кешіктіріп жатқандар басым. Банктер мен қаржы ұйымдары тарапынан қысым күшейген. Несиені дер кезінде төлей алмаған қазақстандықтарға коллекторлық қызмет тыным бермеуде. Тіпті, қарызын кешіктірген күндерге еселеп қайтаруға мәжбүрлеп жатқан көрінеді.
Алматылық Артемий Лебедев несиені кешіктіргеніне 3 ай болған. Оған себеп, жұмыстың уақытша тоқтауы. Бұл жағдайда қаржы ұйымы несие алушының жағдайын ескерудің орнына қарыздың үстіне қосымша процент қосқан. Аталмыш ұйым қарызды тағы кешіктіретін болса, үйіндегі мүлкін тәркілейтіндерін айтқан. Осы уақытқа дейін қарызға алған 20 мың теңгенің проценті бірнеше есеге өскен.
"315 мың теңге қалды. 25 мыңнан төлеп келдім. Карантинге байланысты төлей алмағаным үшін 90 мың теңге қосып жіберіпті. Төлеуге міндеттісің дейді. Айыппұлдың қайдан қосылғанын да түсіндірмейді. Өте дөрекі сөйлеседі. Мүлкіңді тәркілейміз деп қорқытатын болды", – дейді ол.
Банк алдындағы беделі түскен тұрғындардың мәселесін шешумен айналысатын заңгерлердің айтуынша, елімізде несиесін төлей алмаған адамдар саны көбейген. Несиенің артық процентін байқаған кез келген адам заңгерге немесе ұлттық банкке жүгіне алады, дейді мамандар.
"Банк несиеге процент қосқан жағдайда көп адамдар хабарласады. Бұл жағдайда ұлттық банктің қаржы нарығын қорғау агенттігіне өзінің құқығын қорғап, мемлекет басшысының жарлығын негізге ала отырып, арыз жазуға болады. Жалпы банктердің жылдық тиімді үстемақысы 56 проценттен аспауы керек", – дейді заңгер Фархат Әбдіқадіров.
Азаматтар несие алған жағдайда қарызды төлеуден қашудың қажеті жоқ. Мәселені банкке арнайы барып, оны шешудің жолдарын қарастыру керек.
"Елімізде борышкерлердің 19 проценті қиын жағдайда. Яғни, несиені төлей алмауда. Олар банкке барып арыз жазып, несиені бірнеше айға тоқтатуға болады. Сондай-ақ бұл жағдайда несиені бөліп төлеу мімкіндігі де бар", – дейді бірінші несие бюросының маманы Әсем Нұрғалиева.
Мамандардың айтуынша, тұтынушылық несиені уақытынан кешіктіргенге 56 проценттен аса үстемақы қосу заңсыздық. Сонымен қатар, азаматтарды мүлікті тәркілейміз деп қорқыту да заңға қарсы.
Осындай жағдайда мамандар сотқа жүгінген дұрыс деп кеңес береді. Ал еліміздегі қаржы ұйымдарының басым көпшілігі халықтың қаржылық сауатсыздығын біліп, заңды тұрғыдан ережелерді ұстанбайды. Олар қарызды адамдардан бірнеше есе жоғары процентпен қайтарып алуға ұлттық банктен рұқсат алмаған.
Дереккөз: "Астана" телеарнасы
Тағы көру