Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Несие алу – бүгінгі таңда көпшілік үшін қалыпты құбылысқа айналды. Алайда несие рәсімдеп қана қоймай, оны тиімді өтеу – қаржылық сауаттылықтың басты белгісі. Dauletten.kz "Қаржылық сауат" телеграмына сілтеме жасап, бұл мақалада кредитті жабу жолдарын, артық төлемнен қалай құтылуға болатынын және банк ұсынатын төлем әдістерінің айырмашылығын қарастырады.
Несиені тиімді жабудың жолы қандай? Бұл сұрақ, негізінен, дәстүрлі несиелерге қатысты. Бір нәрсені есте ұстау керек — кез келген кредит бойынша алғашқы төлемдердің едәуір бөлігі пайызға кетеді. Яғни, бұл — банк табысының көзі.
Сонда артық төлем жасамау үшін не істеу керек?
Мұның жауабы — өтеу тәсілінде. Несие (ипотека немесе тұтынушылық несие) рәсімдегенде, банк менеджері сізге екі түрлі төлем әдісін ұсынуы тиіс: аннуитеттік және дифференциалды.
Егер менеджер бұл туралы айтпаса, өзіңіз сұраңыз. Себебі банктер әдетте өздеріне тиімді аннуитеттік тәсілді таңдайды.
Аннуитеттік төлем кезінде ай сайынғы төлем бірдей болып көрінеді. Ыңғайлы сияқты. Бірақ бұл нұсқа ең алдымен банкке тиімді. Өйткені несие мерзімі ұзарған сайын, алғашқы кезеңдерде төлемнің басым бөлігі тек пайызды жабуға кетеді, ал негізгі қарыз кейінге қалады. Яғни, сіз бастапқыда банктің пайдасын өтейсіз.
Ал дифференциалды әдіс бойынша негізгі қарыз тең бөлінеді. Бұл кезде алғашқы айларда төлем көбірек болуы мүмкін. Бірақ уақыт өте келе төлем көлемі азаяды және сіз банкке аз пайыз төлейсіз. Бұл — клиент үшін тиімді, банк үшін емес. Сол себепті бұл әдісті өзіңіз сұрамасаңыз, банк ұсынбауы мүмкін.
Егер сіз аннуитеттік әдісті таңдасаңыз да, банкке артық ақша төлемеу үшін қосымша төлемдер жасап отыру маңызды. Мысалы, ай сайынғы 100 мың теңгелік төлемге қосымша 30-50 мың теңге қоссаңыз, несие мерзімі қысқарып, жалпы төлем сомасы азаяды.
Тағы бір амал — жылына бір рет ірі сома салу. Мысалы, жыл соңында бонустарыңыз не қосымша табысыңыз арқылы 500 мың – 1 миллион теңге көлемінде төлем жасасаңыз, кредитті тезірек жабуға мүмкіндік аласыз.
Бірақ бұл қосымша төлем пайызға емес, негізгі қарызға кететініне көз жеткізіңіз. Әйтпесе, банк ол ақшаны тек пайызды жабуға жұмсауы мүмкін. Мұндайға жол беруге болмайды.