| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Отбасы банк ұсынатын «Жас Отбасы» тұрғын үй заемы – отбасын жаңа құрған азаматтарға баспана алуға немесе өз үйін салуға мүмкіндік беретін арнайы бағдарлама. Dauletten.kz сайты осы бағдарлама жайлы толық ақпарат ұсынады
Бағдарлама аясында қарыз жылдық 6 пайыздық мөлшерлемемен беріледі, ал жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 6,3 пайыздан 6,8 пайызға дейінгі аралықта. Несие мерзімі 6 жылдан 9 жылға дейін, ал қарыздың ең жоғары сомасы 200 миллион теңгеге дейін жетеді. Сатып алынатын жылжымайтын мүлік заем бойынша кепілзат ретінде қабылданады.
Бұл заем бастапқы және қайталама нарықтан пәтер немесе үй сатып алуға, оны жөндеуге, сондай-ақ жер учаскесін қоса алғанда жеке тұрғын үй салуға арналған. Үлестік қатысу шарты бойынша баспана алу мүмкіндігі де қарастырылған.
Бағдарламаға қатысу үшін ерлі-зайыптылардың біреуі немесе екеуі Отбасы банкінде «Жас Отбасы» өнімі бойынша жаңа депозит ашып, кемінде бір жыл бойы қаражат жинауы тиіс. Жинақтау кезеңі аяқталған соң бағалау көрсеткіші (ОП) 5-тен төмен болмауы қажет. Сонымен қатар, несиелік өтінім беру кезінде депозитте тұрғын үй құнының кемінде 50 пайызы жиналуы немесе бұл соманы бірден салу талап етіледі. Депозит некеге тұрған күннен бастап бес жылдың ішінде ашылуы керек.
Бағдарламаның басты артықшылықтарының бірі – жас шектеуінің болмауы. Яғни, жас жұбайлардың жасына ешқандай талап қойылмайды. Сонымен қатар заем алынғаннан кейін екі жыл өткен соң тұрғын үй заемына ауысу мүмкіндігі бар, бұл кезде сыйақы мөлшерлемесі жылдық 5 пайызға дейін төмендейді. Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі бұл жағдайда 5,1 пайыздан 6,9 пайызға дейін болады.
Ерлі-зайыптылар депозиттерін біріктіріп, Отбасылық пакетке қосу арқылы мемлекеттен берілетін сыйлықақының екі есе көп мөлшерін алу мүмкіндігіне ие. Айта кету керек, «Жас Отбасы» өнімі аясындағы Отбасылық пакетке тек заңды некеде тұрған жұптар ғана қатыса алады.
Маңызды жайттардың бірі – клиент кейін Отбасы банкінің басқа бағдарламасына ауысқан жағдайда, жинақталған депозит толық сақталады, алайда «Жас Отбасы» өнімінің шарттары өз күшін жояды. Бір салымшының бірнеше депозит ашуына рұқсат етіледі, бірақ «Жас Отбасы» белгісі тек бір депозитке ғана беріледі. Ерлі-зайыптылардың әрқайсысының жеке депозит ашуына болады.
«Жас Отбасы» белгісі бар депозиттерді табыстау тек ерлі-зайыптылардың арасында жүзеге асырылады. Ал салымдарды бөлу тек мұрагерлік тәртібімен меншік құқығы туындаған кезде немесе заңды күшіне енген сот шешімі негізінде ғана мүмкін.