| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Орташа жылдамдықты бақылау тағы 5 жол учаскесінде іске қосылды, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранованың айтуынша, орташа жылдамдықты бақылау жүйесін енгізу жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Оның сөзінше, бұл тәсіл жүргізушілерді жазалау үшін емес, ең алдымен жол-көлік оқиғаларының алдын алып, адам өмірін сақтауды көздейді. Орташа жылдамдықты бақылау жүргізушілердің бүкіл жол учаскесі бойында белгіленген жылдамдық режимін сақтауына ықпал етіп, қауіпті маневрлер мен жылдамдықты күрт арттыру жағдайларын азайтуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ ол қазіргі таңда орташа жылдамдықты бақылау жүйесі республикалық маңызы бар ақылы автожолдардың бірқатар учаскесінде қолданылып жатқанын, ал 2026 жылғы 10 шілдеден бастап тағы бес жол учаскесінде іске қосылатынын айтты. Бұдан бөлек, жалпы ұзындығы шамамен 2,5 мың шақырымды құрайтын тағы 14 ақылы автожол учаскесін осы жүйеге кезең-кезеңімен қосу жоспарланып отырғанын жеткізді.
Ақтоты Боранова статистикаға сәйкес, жылдамдықты шамадан тыс асыру ауыр зардаптарға әкелетін жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерінің бірі болып қала беретінін атап өтті. Осыған байланысты ол барлық жол қозғалысына қатысушыларды белгіленген жылдамдық режимін қатаң сақтауға, жолда мұқият әрі жауапкершілік танытуға шақырып, бірнеше минутты үнемдеу адам өмірінен маңызды емес екенін еске салды.