Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Диас Бертіс – қазақстандық режиссер. Бірнеше веб-сериалы мен фильмдері бірқатар шет елдерге танылып үлгерген. Ал соңғы шыққан экшн-драма жанрындағы толықметражды «Приговор» фильмі көрермен қауым арасында оң баға алып жатыр. Фильм жайлы жақсы пікір айтып, өз әсерімен бөліскен жұрттың қарасы қалың. Dauletten ақпараттық-танымдық порталының тілшісі Нұрбике Қартбаева режиссермен фильм, қазақ киноиндустриясы туралы сұхбаттасты.
«ҚАЗАҚ КИНОСЫНЫҢ МЕНТОРЫ САТЫБАЛДЫ НАРЫМБЕТОВТЫҢ ШӘКІРТІ ЕКЕНІМДІ МАҚТАН ТҰТЫП АЙТАМЫН»
Диас мырза, сіз туралы жеке мәліметтер көп жарияланбаған екен. Ең алдымен өзіңізді таныстырып өтсеңіз.
- Мен Қарағанды қаласының тумасымын. Соңғы 13 жылдан бері Алматы қаласында тұрамын. Осында оқу оқыдым, жұмыс істеймін. Т. Жүргенов атындағы өнер академиясында режиссура мамандығы бойынша білім алдым. Қазақ киносының менторы Сатыбалды Нарымбетовтың шәкірті екенімді мақтан тұтып айтамын.
«АДАМ МЕН БИЛІК АРАСЫНДА ӘДІЛЕТТІЛІК ОРНАУЫ ТИІС»
Өзіңіз де естіп, бақылап отырған шығарсыз. «Приговор» фильмі көпшіліктің көңілінен шығып жатыр. Бұл фильмнің негізгі идеясы, мақсаты қандай еді?
- Әр фильмнің, туындының көрерменге жеткізер ойы болады. Режиссер ретінде мен үшін көрерменнің фильмнен соң әрі қарай да ой өрбітуі өте маңызды. «Приговор» фильмі мейірімді, кешірімді болуды насихаттайды. Адам мен адам арасында мейірімділік болуы шарт. Ал адам мен билік, сот жүйесінің арасында міндетті түрде әділеттілік орнауы тиіс. Себебі кез келген қоғамның қалыптасуында әділетті сот жүйесінің орнауы маңызды. Фильмде қарапайым адамдар әділетсіздік билеген жүйеге қарсы тұрады.
«ФИЛЬМ ШЫНАЙЫ ОҚИҒАҒА НЕГІЗДЕЛДІ»
Бәрімізге белгілі, бұл туындыңыз шынайы оқиғаға негізделген. Өмірде болған оқиға мен киносценарий арасында қандай айырмашылық бар? Өмірде де кинодағыдай аяқталып па еді?
- Иә, бұл фильм шынайы оқиға негізінде түсірілген. Дегенмен көркем шығарма болғандықтан сценарийді өзгерттік. 2000 жылдары Қырғызстанның Тоқмақ қаласында фильмдегі кейіпкерлермен жасты бозбалалар қалалық полиция басқармасын басып алған. Ал фильмде сотты басып алады. Әр кейіпкер жеке шығармашылығымыздан құрастырылды.
«БИШІМБАЕВ ІСІ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ӘДІЛЕТТІЛІКТІҢ КӨРІНІСІ БОЛМАҚ»
Пост-советтік елдерде биліктегі, соттағы жүйелер ұқсас. Фильмде 2000 жылдағы кезең суреттелген. Мұндай әділетсіздіктің көріністерін бүгінгі қоғамда да көп кездестіресіз бе?
- Фильмнің соңында мұндай оқиғаның кез келген ел, тіпті қалада болуы мүмкін екені туралы жазба көрсетіледі. Ол нақты Қырғызстанда ғана емес, ТМД елдеріндегі кішігірім қалаларда да орын алады. Жалпы алып қарайтын болсақ, ТМД елдерінің заңы бөлек болғанымен, сот жүйесі ұқсас. Өкінішке орай, Қазақстанның түкпір-түкпірінде сотта шенеуніктердің қызметін асыра пайдалануы, лауазымды азаматтардың жемқорлық арқылы өз мәселелерін шешіп жатқанын байқап жүрміз. Дәл осылай жалғаса берсе, мұндай оқиға біздің елде де қайталануы мүмкін деп ойлаймын. Қазір Қуандық Бишімбаевтың соты болып жатыр. Күллі қазақ елінің назары осы істе. Қозғалған қылмыстық іс бойынша сот шешімі қандай болатыны Қазақстандағы сот жүйесінде әділеттіліктің барын, не жоғын көрсетпек. Нағыз көрсеткіш осы болады.
«ФИЛЬМГЕ 130 РЕТ КАСТИНКЕ ҚАТЫСЫП, ӨТЕ АЛМАҒАН АКТЕРДІ ТАҢДАДЫМ»
Сіз кино әлеміне жаңа бейнелер әкелген сияқтысыз. Фильмде ойнаған басты актерлық құрам сізге несімен ұнады?
- Режиссердің ең басты міндеті жаңа есімдер мен актерлардың қабілетін аша білу. Актердің жақсы ойнап, ойнай алмауы 90% режиссерға байланысты. Бірақ бұл актердың бойында таланты болмауы керек деген сөз емес. Іштегі, жүректегі талантты шығару ғана режиссердің қызметі. «Черный двор» веб-сериалы арқылы Қазақстан мен Қырғызстанда жаңа бейнелер қосылды. Ол үшін мен қуаныштымын. Бір қызығы, оның алдында бұл актерлер бірнеше жерде кастингтен өтпеді, бұл жігіттердің бойындағы қабілетті көрмеген, байқамағандар да болды. Олардың арасында 130 рет кастингке қатысып, өте алмағандары да бар. «Приговор» фильміндегі үш жігіттің де актерлік шеберліктері алғашқы ортақ жобамызда өсе бастады. Олардың әрқайсы мен үшін інімдей болып кетті. Әрдайым қолдап, көмегімді аямай, өзіме жақын тартуға тырысамын. Кино саласы, актерлік өнер туралы көп әңгімелесеміз. Соның арқасында осы фильмде жігіттер одан сайын ашылды деп ойлаймын. Бұл жігіттерде қазір талант бар, тәжірибе бар. Мен оларды 30 жасқа дейінгі диапазонда қарайтын болсақ, Қазақстандағы ең талантты актерлердің қатарында деп санаймын.
«САХНАЛАРДЫҢ БІРІНДЕ АКТЕР СУҒА БАТЫП КЕТЕ ЖАЗДАДЫ»
«Приговор» фильмінде елді елең еткізер, көпшілік біле бермейтін қандай ақпаратты айтар едіңіз?
- Куба есімді кейіпкердің ағасы Тамерланның рөліне негізі Әбілмансұр Серіковты бекіткен едік. Бірақ, фильмдегі негізгі актерлердың төртеуі де (Куба, Ақтан, Алан, Бекзат) қазақтар болып кетті. Бұл фильм қазақтар мен қырғыздардың бірігіп түсірген туындысы болғандықтан соңына қарай осындай шешімге келдік. Түсірілім кезінде актер Дамир Амангелдин суға батып кете жаздады. Ыстықкөл жағасындағы таңғы сахна кезі еді. Күн әлі шыға қоймаған, дала өте суық болды. Су жағасындағы сахналардың бірінде Кубаның рөлін сомдаған актер суға батып кете жаздады. Оның үстіне жүзе алмайды екен. Команда болып,әрең алып шықтық. Бәрінен бұрын кеудесіне суық тиіп қалмай ма деп қорықтым. Кейін Ақтан рөлін ойнаған Рауан Ахметовтің тісі түсіп, беті ісіп кетті. Онда да қорқып, түсірілімді уақытша тоқтаттық.
«ИНВЕСТОРЛАР МЕН ПРОДЮСЕРЛЕР КОМЕДИЯ ЖАНРЫНА КӨП КӨҢІЛ БӨЛЕДІ»
Бүгінгі таңда қазақ киноиндустриясында комедия жанрындағы фильмдер өте көп түсіріледі. Ал шындығында кинематографистер комедияны ең қиын жанр деп айтатын еді. Мұны қалай түсіндіресіз?
- Мен негізі комедиялардың түсірілгені дұрыс деп ойлаймын. Бірақ біздегі отандық киноның кемшілігі, осы комедия жанрынан аса алмай жатырмыз. Жақында алғаш хоррор жанрындағы «Дәстүр» фильмі жарық көрді. Ал экшн-драма жанрында соңғы бес жылда «Приговор» фильмі шықты. Қазақстандық продюсерлер әсіресе кең ауқымды коммерциялық фильмдерде комедия жанрынан бөлек түсіріп аса бір тәуекелге барғысы келмейді. Жеке өзім сөйлескен продюсерлер мен инвесторлардың барлығы дерлік халыққа өтетін комедия керек деп ұсынған жобамды қабылдамады. Екіншіден, біздің елде КВН жақсы дамыған. Осылайша, Нұрлан Қоянбаев ағаларымыздың жолымен киноға келе қалам дейтіндер көп. Бірақ комедия жанрымен шектеліп қалатын болсақ, бізде бәсекелестік боламайды. Ал комедия жанрындағы қиындықтарға келсек, мен комедиядан алыспын. Осы жанрда фильм түсіруге бір емес, бірнеше рет ұсыныстар келді. Дегенмен, бұл менің жанрым болмағандықтан бас тартуға тура келді. Сонда да комедия жанрын қолдаймын. Онда ең бастысы өтімді сценарий мен актердің харизмасы.
«ҚАЗАҚ КИНО КӨРЕРМЕНДЕРІНІҢ ТАЛҒАМЫ ҚАЛЫПТАСЫП КЕЛЕДІ»
Байқауымызша, пост-советтік елдердегі көрермендердің фильмге деген талғамы әлі толық қалыптасып үлгермеген сияқты. Мұның арты қандай жағдайға апарып соғуы мүмкін?
- Мен олай ойламаймын. Керісінше, қазақстандықтардың фильмге талғамы өте жоғары деп ойлаймын. Себебі, қазір кинотеатрдағы фильмдерден бөлек, сериалдар дамып, тегін көрсетілім платформаларына да салынып жатыр. Өзіміз түсірген «Черный двор», «Игрок» сериалдарының пікір бөлімінің өзінде толық позитивті пікір жазылмаған, яғни байқағанымыз көрерменге толықтай ұнау мүмкін емес. Қазір «Приговор» фильмінің сеанстарына Қазақстан бойынша орын жоқ. Ал шынын айтатын болсақ, бұл фильмнің маркетингіне бөлетін үлкен бюджетіміз болмады. Танымал болып жатса, халықтың арқасында танылып жатыр.
«ҚАЗАҚ КИНОСЫ ҚАРҚЫНДЫ ДАМЫП ЖАТЫР»
Қазақ киноиндустриясын қалай бағалайсыз? Қазіргі кинематографияда сізге не ұнамайды?
- Қазақстанда киноиндустрияның даму темпі өте жоғары деп ойлаймын. Себебі бес жыл бұрынғы фильмдерді қазіргі туындылармен салыстыратын болсақ, сапасының өзгергенін бірден байқауға болады. Осы соңғы бес жылда көрерменнің талғамы өзгерді, олар актердің ойынынан бөлек режиссерлік жұмыс пен сапаға қарайтын болды. Менің пікірім, комедия жанрынан басқа да жанрлар болуы керек. Қазақстандағы кино нарығы аса үлкен емес. Коммерциялық фильмдер болмаса, кең ауқымды, тарихи кинолар көбіне өзін ақтамай жатады. Сондықтан қазақстандық кино Қазақстаннан ғана шығу керек деп ойлаймын. Шетелде қазақ музыкаларын тыңдамайды емес, тыңдайды. Сондықтан түркітілдес елдерден бастап ауқымын кеңейтуіміз керек. Жалпы алғанда Қазақстандағы кино саласы мықты дамып келеді деп ойлаймын.
«РЕЖИССУРА – ӨТЕ ҚИЫН САЛА»
Жас кинематографистерге сізден бір кеңес. Нені істеу керек, нені істемеуі керек?
- Режиссура – өте ауыр, қиын сала. Егер жас болсаңыз, кино саласының ішіндегі кез келген бағыт бойынша жұмыс істеп көріңіз. Негізі, режиссура деген ең бастысы – табандылық, мінез. Сырттан қарағандар оңай жұмыс, түсірілім алаңындағы барлығы сені тыңдайды деп ойлайды. Өзім оқуды 2016 жылы тәмамдадым. 2015 жылдан бастап жұмыс істей бастадым. Осыдан 7-8 жыл бұрын режиссерларға жоба табу өте қиын болатын. Қазір енді сериялдар көп түсіріліп жатқандықтан, ол жағынан мәселе жоқ. Айтарым, басында материалдық, эмоцианалдық тұрғыдан қиын болуы мүмкін. Сол кезеңнен табандылық танытып, өз ойынан ауытқымай өтсе, бірден жемісін береді. Бұл мамандық иелері адамдардың психологиясын сезе білу керек. Ол болмаса терең мағыналы кино жасау мүмкін емес. Сондықтан психологияны зерттеу керек.
«ТОП-3 СҮЙІКТІ ФИЛЬМ»
ТОП-3 сүйікті фильміңіз?
- ТОП-3 деп айту қиындау әрине. Бірінші орында «Апокалипсис сегодня,1979», екіншісі отандық фильм «Отырардың күйреуі, 1991», үшінші «Зеркало тарковский, 1975».
«ЖАҚСЫ ТУЫНДЫЛАРҒА ИДЕЯЛАРЫМ КӨП»
Болашақта өзіңізді қандай бағытта көресіз? Ендігі мақсат қандай?
- Болашаққа жоспар өте көп, «Приговор» фильміне дейін де, қазір де әр жерден ұсыныстар түсіп жатыр. Кез келген режиссерді таңғы бесте оята қалса, бірден айтатын үш идеясы болу керек. Мендегі сол үш идеяның біреуінің сценарийін былтыр қыста жазып шақтым. Екінші жобамның сюжеті, идеясы толық дайын, бірақ сценарийі енді жазылады. Сонымен қатар, ұнамды ұсыныстар түсіп жатыр. Алда уақыт тауып, бір бағытты таңдап жұмыс істейтін боламын.