Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қатарға сапары аясында Power International Holding компаниясының иелері Муатаз әл-Хайят пен Рамез әл-Хайятты қабылдады, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Кездесу барысында энергетика және телекоммуникация салаларындағы ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысы талқыланды.
Power International Holding (PIH) Қашағанда газ өңдеу зауыттарын, Бейнеу – Бозой – Шымкент газ құбырының екінші желісін, сондай-ақ жаңа компрессорлық станция мен Ақтөбе – Қостанай магистральдық газ құбырын салуға қатысады. Тоқаев атап өткендей, бұл жобалар елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға үлкен үлес қосады. PIH директорлар кеңесінің төрағасы Муатаз әл-Хайят аталған инвестициялық жобалар бойынша қазақстандық тараппен жасалған келісімдерді іске асыру жоспарларымен бөлісті.
Компания сондай-ақ Қызылорда облысында бу-газ турбиналық қондырғысын салу және өңіраралық электр желілерін тарту бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр.
Сонымен қатар катарлық конгломерат басшылары жасанды интеллект саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық білдірді.
Мемлекет басшысы катарлық инвесторларға Қазақстан Үкіметі тарапынан қолайлы жағдайлар жасауға дайын екенін растап, аталған жобаларды жоғары деңгейде жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Nebras Power компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Мұхаммед Нассер әл-Хаджриді қабылдады. Кездесу барысында жаңартылатын энергия көздері саласындағы инвестициялық ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды.
Тоқаев жақында Nebras Power холдингі мен "Самұрық-Энерго" АҚ арасында қуаты 300 мегаватт болатын Семей ГЭС-ін салу туралы келісімнің қол қойылуын құптады. Мемлекет басшысы бұл жобаның Астана мен Доха арасындағы ұзақ мерзімді стратегиялық әріптестікті нығайтудағы рөлін жоғары бағалап, оны сәтті жүзеге асыру үшін еліміздің Үкіметі тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін растады. Президенттің айтуынша, 2030 жылға қарай Қазақстан өзінің энергия теңгеріміндегі жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 15 пайызға дейін арттыруды жоспарлап отыр.
Мұхаммед Нассер әл-Хаджри Президентті бірлескен жобаны іске асырудың негізгі кезеңдері туралы хабардар етіп, Қазақстанның "жасыл" энергетика саласындағы елеулі әлеуетін атап өтті.