Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Қазақстан мен Марокко өзара визасыз режим орнатады. Үкіметтің тиісті қаулысының жобасы “Ашық НҚА” порталында жарияланды, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Қазақстан мен Марокко үкіметтері арасында визасыз режим енгізу туралы келісім 2024 жылдың қыркүйегінде жасалған болатын. Енді Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі қажетті құжаттарды әзірлеумен айналысуда.
- Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Марокко Корольдігі Үкіметі арасындағы ұлттық/жалпыазаматтық паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімді бекіту жөніндегі Үкімет қаулысының жобасын әзірлеуді бастады, – делінген СІМ мәлімдемесінде.
Екі ел арасында визасыз режим енгізу шешімі елдер арасындағы достық қатынастарды нығайту мақсатында қабылданды. Сондай-ақ бұл Қазақстан азаматтарының және Марокко Корольдігінің жарамды ұлттық жалпыазаматтық паспорт иелерінің туристік мақсатта елдерге кіруін жеңілдетеді.
Келісім мәтінінде Қазақстан мен Марокко азаматтарының бұл елдерде болу мерзімі кіру күнінен бастап 180 күн ішінде 30 күнтізбелік күннен аспауы тиіс екені көрсетілген. Сонымен қатар, екі ел азаматтарының паспорттары жарамдылық мерзімі аяқталуына дейін кемінде 3 айға жарамды болуы қажет.
Айта кету керек, Қазақстан және Марокко азаматтарына іскерлік, жұмысқа орналасу немесе оқу мақсатында елде болу мерзімі рұқсат етілген уақыттан ұзақ болған жағдайда виза қажет болады.
Қазақстан Үкіметінің қаулы жобасында бұл келісімге қол қойылған күннен бастап күшіне енетіні көрсетілген. Ал құжат 10 қаңтарға дейін “Ашық НҚА” порталында талқылауға ұсынылған.