| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Қазақстанда шығарындыларды автоматты бақылау жүйесін енгізу жұмысы жалғасып жатыр. Қазір жүйе орнатылуы тиіс 113 кәсіпорынның 99-ы оған қосылған, ал 85 кәсіпорын деректерді ұлттық базаға нақты уақыт режимінде жіберіп отыр, — деп хабарлайды Dauletten.kz.
Қазақстанда ірі кәсіпорындардың ауаға шығаратын эмиссияларын бақылау жүйесі кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Экология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Ерболат Қожықов мәлімдеді.
Оның айтуынша, 2021 жылы автоматтандырылған мониторинг жүйесін бірінші кезекте енгізуі тиіс 91 кәсіпорын анықталған. Кейін рұқсат құжаттары қайта қаралып, жүйені орнатуға міндетті кәсіпорындар саны артқан.
2026 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша мұндай кәсіпорындардың саны 113-ке жетті. Бүгінде олардың 99-ында автоматтандырылған мониторинг жүйесі орнатылған.
Оның ішінде 85 кәсіпорын өз көрсеткіштерін Қоршаған ортаның жай-күйі туралы ұлттық деректер банкіне нақты уақыт режимінде жіберіп отыр. Тағы бес кәсіпорында жүйені қосу және ақпарат алмасуды сынақтан өткізу жұмыстары жүргізілуде.
Олардың қатарында Атырау облысындағы «Kazakhstan Petrochemical Industries», Қарағанды облысындағы «Қарағанды Көмір», Ұлытау облысындағы «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз», Абай облысындағы «Восток Энерго» және Шығыс Қазақстан облысындағы «Востокэнергоусталова» кәсіпорындары бар.
Шығарындылар қалай бақыланады?
Автоматтандырылған мониторинг жүйесі ірі кәсіпорындардың қоршаған ортаға шығаратын эмиссияларын үздіксіз бақылауға мүмкіндік береді. Кәсіпорындардан алынған мәліметтер Ұлттық деректер банкіне түседі.
Егер жүйе белгіленген шекті мөлшерден асып кетуді тіркесе, мамандар көрсеткіштерді қайта тексереді. Құқық бұзушылық расталған жағдайда кәсіпорынға қатысты тиісті шара қабылданады.
Қазіргі уақытта мұндай шаралар автоматты түрде емес, мамандардың тексеруі арқылы жүзеге асырылады.
Айыппұлды автоматты түрде салу жоспарланып отыр
Комитет мәліметінше, экологиялық мониторинг жүйесін өзге мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен біріктіру жұмыстары жүріп жатыр.
Бұл процесс аяқталғаннан кейін шекті мөлшерден асып кеткен жағдайда айыппұл төлеу қажеттігі туралы хабарламаларды автоматты түрде жіберу жоспарланған.
Сонымен бірге шығарындылардың белгіленген деңгейден бірнеше рет немесе жүйелі түрде асып кеткен жағдайлары бойынша қазірдің өзінде инспекциялық шаралар қабылданып жатыр.
48 кәсіпорынға 38,1 млн теңге айыппұл салынған
Автоматтандырылған мониторинг жүйесін орнату талабын орындамаған кәсіпорындарға да жауапкершілік шаралары қолданылуда.
Бүгінге дейін 48 кәсіпорын әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға жалпы 38,1 млн теңге көлемінде айыппұл салынған. Бұдан бөлек, анықталған заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар берілген.
Ал нақты уақыт режимінде дерек жіберіп отырған 85 кәсіпорынның кемінде 30-ына мониторинг нәтижелері бойынша айыппұл санкциялары қолданылған.
Министрлік 2021 жылы жүйені бірінші кезекте енгізуі тиіс деп белгіленген 91 кәсіпорындағы жұмыстарды 2026 жылдың соңына дейін толық аяқтауды жоспарлап отыр.