Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Сенат некеге мәжбүрлеу мен сталкинг әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілік қарастыратын заң жобасын қабылдады, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Сенатор Сәкен Арубаев заң жобасын талқылау кезінде Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиевтен Қылмыстық кодекске сталкингке қатысты жеке бап енгізудің қажеттілігі туралы сұрады.
- Аталған заң жобасы аясында Қылмыстық кодекске 115-1-бапты енгізу ұсынылған. Бұл норма басқа адамдарда үнемі қорқыныш, мазасыздық немесе қолайсыздық туғызатын қудалаушы әрекеттерге – яғни сталкингке – жауапкершілік жүктейді. Қазіргі қолданыстағы заңнамада мұндай әрекеттер толық қамтылмағанымен, кейбір элементтері әртүрлі баптарда кездеседі. Сондықтан сталкингті жеке құқықбұзушылық ретінде қарастыру орынды ма? Сонымен қатар, бұл норманы қолдануда теріс пайдалануға жол бермес үшін қандай құқықтық тетіктер қарастырылған? – деді Арубаев.
Өз кезегінде Шындалиев сталкингке қатысты жекелеген бап енгізу жоспарланғанын растады.
- Иә, біз Қылмыстық кодекске сталкингке қатысты жазаны енгізіп отырмыз. Бұл — адамның тыныштығын бұзып, көшеде соңынан еріп, әлеуметтік желілерде бақылап, телефон соғып мазасын алу сияқты әрекеттер. Мұндай әрекеттер ауыр қылмыстардың алдын алу үшін алдын ала жауапкершілікке тарту шарасы ретінде қарастырылады, – деді ол.
Сонымен қатар, егер сталкинг барысында жәбірленушіге қасақана ауыр дене жарақаты келтірілсе, онда әрекет бірнеше бап бойынша сараланып, тиісті жаза тағайындалатынын жеткізді. Мәселен, сталкингтен кейін зорлық немесе ауыр жарақат болса, Қылмыстық кодекстің 106-бабымен қатар, жаңа 115-1-бап та қолданылады.
- Барлық тергеу амалдары заңға сәйкес жүргізіледі. Тергеу процесін прокурор мен сот, сондай-ақ ішкі бақылау органдары қадағалайды. Сондықтан бұл бапты теріс пайдалану мүмкіндігі шектеледі, – деп сендірді Шындалиев.
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев сталкинг үшін қандай нақты жаза қарастырылғанын нақтылауды сұрады. Жауап ретінде Бас прокурордың орынбасары сталкинг жасаған адамға айыппұл салынуы немесе 90 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасы тағайындалуы мүмкін екенін айтты.
Айта кетейік, сталкинг (ағылшын тілінен – stalking, яғни қудалау) – бұл бір адамның екінші адамды үнемі аңдуы, байланыс орнатуға тырысуы немесе қорқытуы арқылы оның психологиялық жай-күйіне қысым көрсету әрекеттері. Бұған физикалық бақылау, орынсыз қоңырау шалу, хабарламалар жіберу, сондай-ақ әлеуметтік желі арқылы ақпараттарды пайдалану сияқты әрекеттер жатады.