| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Қазақстандықтар шетелдік маркетплейстер арқылы сатып алатын тауарларға қатысты заңнамаға өзгерістер енгізіледі. Енді халықаралық пошта арқылы келетін интернет-сатып алулар «электрондық сауда тауарлары» деген жеке санатқа жатқызылып, жаңа рәсімдеу тәртібімен декларацияланады, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Елімізде интернет арқылы шетелден сатып алынатын тауарларға қатысты жаңа құқықтық тетік енгізіледі. Бұдан былай халықаралық пошта немесе курьерлік қызметпен жеткізілетін мұндай өнімдер «электрондық сауда тауарлары» ретінде рәсімделеді.
Соған сәйкес арнайы декларация нысаны қолданылады. Дегенмен бұл құжаттарды сатып алушылар өздері толтырмайды — барлық рәсімдерді арнайы тіркелген электрондық сауда операторлары атқарады. Қарапайым тұтынушы үшін жеткізу тәртібі өзгеріссіз қалады: сәлемдемені бұрынғыдай беру пунктінен алуға немесе курьер арқылы жеткізуге болады.
Жаңашылдықтар, ең алдымен, белгіленген бажсыз шектен асатын тауарларға қатысты. Қазіргі ережеге сай, құны 200 еуродан асқан бөлігінен 15 пайыз көлемінде төлем алынады. Ал салмағы 31 килограмнан жоғары болса, әр артық килограмм үшін кемінде 2 еуро төлеу қажет.
Жаңа нормалар күшіне енген соң есептеу тәсілі өзгереді. Егер тауар бағасы 200 еуродан асса, оның толық құнының 5 пайызы мөлшерінде баж салынады. Сонымен бірге бір килограмы үшін кемінде 1 еуро төлеу талабы сақталады. Яғни төлем сомасы құндық немесе салмақтық есептің қайсысы жоғары болса, соған қарай анықталады. Бұдан бөлек, 16 пайыз көлемінде қосылған құн салығы қарастырылған.
Айта кетерлігі, 200 еуро көлеміндегі құндық шек сақталады. Ал салмақ бойынша бұрынғы шектеу алынып тасталады. Егер сатып алынған тауардың жалпы құны аталған межеден аспаса, жеке тұлғалар қосымша төлем жасамайды.
Сондай-ақ электрондық сауда операторларының қызметін реттейтін жеке нормалар енгізіледі. Олар жеткізу, сақтау, декларациялау және тауарды алушыға табыстау процестеріне жауапты болады. Операторларды тіркеу, олардың құқықтары мен міндеттері заңнамада нақты белгіленбек.
Бұл өзгерістер Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы кедендік реттеуді жетілдіруге бағытталған құжатқа сәйкес жүзеге асырылады. Түзетулер одаққа мүше мемлекеттер ратификациялағаннан кейін қолданысқа енгізіледі.