Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Қазақстанда Су ресурстары және ирригация министрлігі әзірлеген жаңа Су кодексі күшіне енді, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Бұл құжатта алғаш рет "су қауіпсіздігі" деген ұғым енгізілді. Яғни, ол – халықты және экономиканы су тапшылығы мен су көздерінің ластануынан қорғау, сонымен қатар трансшекаралық су ресурстарын қорғауда еліміздің мүддесін қамтамасыз ету дегенді білдіреді. Су көздерінің тартылып кетуінің алдын алу үшін "экологиялық ағын" деген жаңа ұғым енгізілді. Бұл - өзен, көл, теңіздердің экожүйелерін сақтау үшін қажетті ең төменгі су деңгейі.
Жаңа кодекс су ресурстарын басқарудың бас және бассейндік жоспарларын әзірлеуді көздейді. Бұл жоспарларда судың болашағы мен болжамдарына қарай нақты мақсаттар, міндеттер мен шешу жолдары анықталады. Бұл жоспарлардың қорытындылары мемлекеттік саясатты жоспарлауда ескеріледі.
Су ресурстарын басқару жөніндегі шешімдерді қабылдауға жұртшылықтың қатысуы кеңейтілді. Енді су бассейндері бойынша құрылған кеңестер су пайдалануды шектеу, су тасқыны мен қуаңшылықтың алдын алу, жергілікті биліктің қателіктерін түзету туралы ұсыныстар бере алады.
Су объектілерін қорғау бойынша талаптар кеңейтілді. Ең алдымен шағын өзендер мен көлдерге баса назар аударылған. Атап айтқанда, енді шағын өзендерге тұйық бөгеттер салуға болмайды. Сулы-батпақты алқаптар мен мұздықтар да арнайы қорғауға алынады. Ал жергілікті атқарушы органдар екі жыл ішінде барлық елді мекендегі су қорғау аймақтары мен белдеулерін айқындауға тиіс.
Жеке тарау климаттың өзгеруіне бейімделу шараларына арналды. Оған өзендер мен көлдерді тазалау мен тереңдету, су деңгейі жоғары болғандағы су нысандарының шекарасын анықтау, елді мекендер мен инфрақұрылымды қорғау үшін арнайы инженерлік жүйелерді жасау кіреді. Сондай-ақ, тасқын және еріген суды жинап, құрғақшылықта пайдалану үшін сақтау, ауыл шаруашылығында тазартылған немесе тұщытылған теңіз суын қолдану қарастырылған. Сонымен бірге егін айналымын ұйымдастырып, су үнемдейтін жаңа технологияларды пайдалану да маңызды.
Су тасқыны мен құрғақшылықпен күрес бойынша орталық және жергілікті биліктің міндеттері нақты бөлінді. Осылайша, Су ресурстары және ирригация министрлігі бассейндік су инспекциялары арқылы тасқын суды өткізу және қабылдау кезінде гидротехникалық құрылыстардың жай-күйі мен жұмыс режимін бақылайды. Сондай-ақ ведомство тасқын судың су айдындарына бағытталуын қамтамасыз етеді.
Су саласындағы ашықтықты қамтамасыз ету үшін Су ресурстары және ирригация министрлігі жыл сайын ресми сайтында Қазақстанның су ресурстарын пайдалану туралы Ұлттық ақпараттық есепті жариялап отырады. Бұл – өткен күнтізбелік жылдағы елдегі су жағдайы, оны қорғау мен пайдалану бойынша аналитикалық есеп.
Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі әзірленіп жатыр. Бүгінгі таңда пилоттық режимде төрт модуль сәтті жұмыс істейді: "Әкімшілік", "Су пайдалану", "Трансшекаралық су" және "Картография".
Суды үнемдеуді ынталандыратын жаңа тетіктер күшіне енеді. Мысалы, суды пайдалануға рұқсат айналымдағы немесе қайта сумен жабдықтауға кезең-кезеңімен көшу жоспары болған кезде ғана беріледі. Ауысуға бес жыл беріледі. Ал жоспарларды әзірлеуге Су кодексі күшіне енгізілген күннен бастап екі жыл.
Ауыл шаруашылығындағы судың шығынын азайту мәселесі қарастырылды. Сондай-ақ ирригациялық кондоминиумды құру тәртібі регламенттелген, ал ол болмаған жағдайда жергілікті атқарушы органдарға мұндай мүлікті сыртқы басқару құзыреті беріледі.
Сонымен қатар енді су пайдаланушылар ауылшаруашылық қажеттіліктері үшін еріген қар суын өз бетінше және арнайы рұқсатсыз жинай алады. Ол үшін көлемі 2 млн текше метрден аспайтын тоған, су қоймасы немесе басқа да қойма салып, бұл нысанды тіркеу үшін бассейн инспекциясына хабар беруі қажет.
Жаңа Су кодексінің тағы бір ерекшелігі гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі мәселесін жеке тарауға шығару болды. Онда гидротехникалық құрылыстардың тізімін қалыптастыру және жүргізу, оларды пайдалану, сондай-ақ қауіпсіздік декларацияларын әзірлей отырып, көпфакторлы тексеру жүргізу мәселелері жүйеленген.