| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Қазақстандықтар өткен жылыту маусымында жылу үшін тағы да миллиардтаған теңгені артық төлеп қойған. Табиғи монополияларды реттеу комитеті (ТМРК) есептегіш аспабы жоқ үйлерге 1,2 млрд теңгеден астам қаражат қайтарылатынын мәлімдеді. Алайда бұл жүйенің артында қарапайым тұтынушы байқай бермейтін маңызды экономикалық тұстар бар, — деп хабарлайды Dauletten.kz.
Ақша неге қолма-қол берілмейді?
Табиғи монополияларды реттеу комитетінің мәліметінше, 2025–2026 жылғы жылыту маусымын қайта есептеу нәтижесінде халықтың артық төлеген 1,2 млрд теңгесі анықталды. Ең үлкен қайтарым сомасы Астанада (460,67 млн ₸), Шығыс Қазақстан облысында (298,56 млн ₸) және Маңғыстау облысында (161,6 млн ₸).
Дегенмен, заңнамаға сәйкес, бұл қаражат тұтынушылардың қолына қолма-қол немесе банк картасына аударылмайды. Ол алдағы жылыту маусымында түбіртектегі (квитанция) төлемді азайту арқылы «жеңілдік» түрінде шегеріледі.
Неліктен мұндай жағдай жыл сайын қайталанады?
Салстырмалы түрде қарасақ, бұрынғы 2024–2025 жылдардағы жылыту маусымында да есептегіш аспабы жоқ тұрғындарға 1,5 млрд теңгеге жуық қаражат қайтарылған болатын.
Бұл жағдайдың басты себебі – үйлерде жылуды есепке алу аспаптарының (счетчик) жоқтығы. Есептегіш жоқ кезде төлемақы ауа райының ең суық нормативіне сәйкес есептеледі. Егер қыс жылырақ болса, тұрғындар автоматты түрде артық төлейді.
Тұтынушы үшін пәтерде немесе үйде ортақ есептегіш аспабының болуы – нақты тұтынған жылуға ғана төлеудің жалғыз жолы.
Өңірлер бойынша қайтарылатын қаражат көлемі:
Астана – 460,67 млн ₸
Шығыс Қазақстан облысы – 298,56 млн ₸
Маңғыстау облысы – 161,6 млн ₸
Алматы – 57,77 млн ₸
Қызылорда облысы – 42,21 млн ₸
Шымкент – 38,5 млн ₸
Павлодар облысы – 29,11 млн ₸
Жамбыл облысы – 26,06 млн ₸
Қостанай облысы – 25,69 млн ₸
Атырау облысы – 22,09 млн ₸
Солтүстік Қазақстан облысы – 14,59 млн ₸
Ақмола облысы – 13,98 млн ₸
Алматы облысы – 12,7 млн ₸
Ақтөбе облысы – 11,03 млн ₸
Батыс Қазақстан облысы – 1,82 млн ₸
Түркістан облысы – 370 мың ₸
Абай облысы – 270 мың ₸
(Қарағанды, Ұлытау және Жетісу облыстарында есептеулер маусым ішінде ауа райының нақты температурасы бойынша ай сайын түзетіліп отырғандықтан, бөлек қайта есептеу жүргізілген жоқ).
Инфрақұрылым салмағы: Тұтынушы екі есе төлей ме?
Есептен тыс тағы бір маңызды деталь бар: Үкімет бұл маусымда энергетикалық инфрақұрылымды дайындауға резервтен 27,9 млрд теңге бөлді.
Яғни, бір жағынан халық коммуналдық қызмет бойынша ақшаны артығымен төлейді, ал екінші жағынан жылу желілерін жөндеуге мемлекеттік бюджеттен (салық төлеушілердің қаражатынан) миллиардтаған қаржы ажыратылады.
Анықталған 1,2 млрд теңгенің қайтарылуы – тұтынушылар құқығының қорғалғанын көрсеткенімен, жүйедегі есепке алу аспаптарының жетіспеушілігін айқын аңғартады. Тұрғындар үшін ең тиімді шешім – өз үйлеріне ортақ жылу есептегіштерін орнату. Мұндай аспаптар артық төлемдердің алдын алып, коммуналдық шығындарды нақты бақылауға мүмкіндік береді.