| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Қазақстан Республикасы Құрылтайында І шақырылым депутаттарының азаматтармен тікелей байланысын қамтамасыз ететін Қоғамдық қабылдау құрылды. Жаңа алаң ағымдағы жылдың 14 қыркүйегінен бастап жұмыс істейді, — деп хабарлайды Dauletten.kz.
Құрылтай спикері Айбек Дәдебайдың төрағалығымен өткен Қазақстан Республикасы Құрылтайы Бюросының отырысында І шақырылымдағы Құрылтайдың Қоғамдық қабылдауын ашу туралы шешім қабылданды.
Жиын барысында Құрылтай төрағасының орынбасары, депутат Динара Закиева Қоғамдық қабылдаудың жұмысын ұйымдастыру тәртібін, сондай-ақ депутаттардың азаматтарды қабылдау кестесін таныстырды.
– Құрылтайдың Қоғамдық қабылдауының ашылуы Мемлекет басшысының «халық үніне құлақ асатын мемлекет» құру жөніндегі бастамасын іске асыру жолындағы маңызды қадам екенін атап өткім келеді. Бұл азаматтармен тікелей қарым-қатынас орнатуға, олардың өтініштері мен ұсыныстарын зер салып қарауға, сондай-ақ қоғам мен мемлекеттің тиімді өзара байланыс жасауына арналған алаң болмақ, – деді депутат.
Құрылтай Төрағасының тапсырмасы бойынша Қоғамдық қабылдауда депутаттардың азаматтарды қабылдауын ұйымдастыру және өткізу қағидалары әзірленді. Тұрақты комитеттердің төрағалары өз комитеттері депутаттарының қабылдауын ұйымдастыруды қамтамасыз етеді.
Динара Закиева депутаттардың қабылдау кестесі, сондай-ақ қабылдауды ұйымдастыру және өткізу қағидалары барлық фракциялармен және комитеттермен келісілгенін атап өтті. Азаматтардың алдын ала танысуы үшін тиісті ақпарат Құрылтайдың ресми сайтында орналастырылады.
Қоғамдық қабылдаудың жұмысын үйлестіру Құрылтай депутаттары Константин Авершинге, Айжан Аймағановаға және Шолпан Кариноваға жүктелді. Вице-спикердің айтуынша, үйлестірушілерді іріктеу кезінде олардың кәсіби тәжірибесі ескерілген: Константин Авершин Мәжіліс депутаты болған кезеңде Қоғамдық қабылдау жұмысын ұйымдастыру және үйлестіру тәжірибесін жинақтаса, Айжан Аймағанованың құқық қорғау саласында, ал Шолпан Каринованың әлеуметтік салада мол кәсіби тәжірибесі бар.
Азаматтар Құрылтай депутатының қабылдауына бірнеше тәсілмен жазыла алады:
Құрылтайдың ресми сайты арқылы электрондық өтініш жолдау;
Жазбаша немесе қолма-қол өтініш беру;
Қоғамдық қабылдауға тікелей ауызша жүгіну.
Қоғамдық қабылдаудың іске қосылуы азаматтардың Құрылтай депутаттарымен тікелей байланыс орнатуына және өздерін толғандырған мәселелер мен ұсыныстарын жеткізуіне мүмкіндік береді.