| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Қазақстанда діни радикализмді өздерінің қылмыстық мақсаттарына пайдаланатын топтарға қарсы күрес күшейтілуде. Ішкі істер органдарының мәліметінше, жыл басынан бері діни-экстремистік идеяларды жамылған 22 қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл қойылған, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Арнайы операциялар барысында аталған топтардың құрамында болған 64 адам ұсталды. Тергеу материалдары бойынша, күдіктілердің әрекеті тек діни экстремизммен шектелмей, бопсалау, алаяқтық, тонау, браконьерлік және есірткі саудасы сияқты қылмыстармен байланысты болған. Кейбірі заңсыз әрекеттер кезінде атыс қаруын да сақтаған.
Құқық қорғау органдары мұндай топтардың Алматы қаласы мен Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында әрекет еткенін анықтаған.
Қылмыстың артында діни ұран тұрған
Тергеу барысында радикалды діни көзқарастарды ұстанған адамдардың бұл идеяларды қылмыстық әрекеттерін ақтау немесе өзгелерге қысым көрсету құралы ретінде пайдаланған жағдайлары анықталған.
Мәселен, Алматыда төрт адам қала тұрғынынан 7,5 млн теңге ұрлаған. Сот олардың кінәсін дәлелдеп, әрқайсысына 5 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған.
Петропавлда радикалды діни идеологияны ұстанған әйелдің алаяқтыққа қатысты төрт қылмыстық эпизодқа қатысы бары анықталды. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 2 млн теңгеден асқан. Сот әйелді 3 жылға бас бостандығынан айырды.
Ал Павлодарда жергілікті тұрғын алаяқтықтың 17 эпизодын жасаған. Бұл істер бойынша келтірілген материалдық шығын 8 млн теңгеден асқан. Сот оған 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын белгіледі.
Қару мен есірткі де тәркіленген
Ішкі істер органдарының дерегіне сәйкес, жалпы діни экстремизм идеологиясын ұстанушылар жасаған пайдакүнемдік және зорлық сипатындағы 155 қылмыс анықталған.
Жедел-тергеу шаралары кезінде заңсыз айналымнан 114 атыс қаруы, 3 суық қару, 7 граната, 1600-ден астам оқ-дәрі және 32 келіден астам есірткі тәркіленді.
Бұл көрсеткіштер радикалды идеологияны ұстанатын жекелеген қылмыстық топтардың қызметі тек идеологиялық сипатпен шектелмейтінін көрсетеді. Құқық қорғау органдары олардың қару-жарақ пен есірткінің заңсыз айналымына, сондай-ақ азаматтардың мүлкіне қарсы қылмыстарға қатысын анықтауда.
Интернеттегі радикалды насихат та бақылауда
Полиция экстремистік және террористік сипаттағы қылмыстарды анықтауға ерекше көңіл бөліп отыр. Оның ішінде әлеуметтік желілер мен интернет-ресурстар арқылы радикалды идеяларды тарату фактілері де бар.
Ақтөбеде жергілікті тұрғын әлеуметтік желі арқылы өзге дін өкілдерін қорлап, діни араздықты қоздырған. Сот оны кінәлі деп танып, 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды.
Сол өңірде зорлық-зомбылық акцияларын ұйымдастыруды жоспарлаған радикалды көзқарастағы тағы бір азамат ұсталған. Терроризмді насихаттағаны үшін оған 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Түркістан облысында халықаралық террористік ұйым – «Өзбекстан ислам қозғалысының» идеологиясын интернет арқылы белсенді түрде таратқан адам ұсталды. Сот шешімімен ол 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
Ішкі істер органдарының ұстанымынша, діни сенім қылмыс жасауға, зорлық-зомбылыққа немесе діни араздықты қоздыруға себеп бола алмайды. Құқық қорғау органдары экстремизм мен терроризмнің таралуына жол бермеу, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті сақтау бағытындағы жұмыстарды жалғастырып келеді.