Brent
WTI
kz
kz ru
Астана
Астана
Алматы
Ақтау
Ақтөбе
Атырау
Қарағанды
Көкшетау
Қостанай
Қызылорда
Павлодар
Семей
Петропавл
Талдықорған
Тараз
Шымкент
Орал
Өскемен
CNY
MNT
KGS
UZS
TRY
Сіздің өтінішіңіз сәтті жіберілді, Рақмет!
Жаңалықтар
Рамазан: оразаның шарттары, денсаулыққа әсері және рухани мәні
Жаңалықтар

Рамазан: оразаның шарттары, денсаулыққа әсері және рухани мәні

18.02.2026
мин
0
374
Сурет: russian.rt.com

Биыл Ораза айы 29 күнге созылады. 19 ақпаннан басталып, 19 наурызға дейін жалғасады. Бұл қасиетті ай мұсылмандар үшін тек тамақ пен сусыннан бас тарту емес, рухани тұрғыда өзін-өзі тәрбиелеу, сабыр мен мінезді бақылау, имандылыққа ұмтылу кезеңі болып саналады.

Осы орайда Dauletten.kz сайтының тілшісі Астана қаласы, «Сарыарқа» мешітінің имамы Ардақ Нүсіпханұлымен сұхбаттасып, оразаның парыз шарттары, денсаулыққа әсері және рухани мәні туралы сұрап білді.

Оразаның шарттары

Имам Ардақ Нүсіпханұлының сөзінше, ораза тек балиғат жасына жеткен, ақыл-есі дұрыс, денсаулығы оразаға жарамды, сондай-ақ муқим (жергілікті тұрғын) мұсылмандарға парыз етілген.

- Бақара сүресі, 183-аятында: „Ей, иман келтіргендер! Сендерге ораза парыз етілді, сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей. Бәлкім, тақуа боларсыңдар“. Ораза – нәпсіні тәрбиелеу, сабыр мен өзін-өзі бақылау амалы. Аштық тек сыртқы белгі ғана, шынайы мәні – жүректің имандылығында, – дейді Ардақ мырза.

Жылдан-жылға ораза ұстаушылар қатары артып келеді, және бұл қатарда мектеп жасындағы балалар да бар. Осы орайда біз имам Ардақ Нүсіпханұлынан балалардың ораза ұстауы туралы нақты пікірін сұрап білдік. Кейде ұстаздар мен ата-аналар балалар сабақ кезінде шаршап, зейінінің бұзылатынын айтып шағымданады. Имамның айтуынша, балиғатқа жетпеген балаларға ораза парыз емес, бірақ оларды жеңіл түрде тәжірибе ретінде ұстатуға болады.

- Болашақта ораза ұстап үйрену – жақсы дәстүр. Дегенмен, оқуға немесе денсаулыққа зиян келетін болса, ата-ана мен ұстаздар баланың жағдайын ескеріп, оның денсаулығы мен оқу процесін бірінші орынға қоюы тиіс, – дейді имам.

Осылайша, балаға ораза үйрету тек діни міндетті орындау емес, оның денсаулығы мен психологиялық жай-күйін сақтау тұрғысынан да үйлесімді болуы қажет.

оразаның басты шарты – ниет. Ол тек жүректен Алланы разы қылу үшін жасалуы тиіс, тілмен айту міндетті емес. Ниетті түнде (күн батқаннан таң атқанға дейін) жасау абзал, ал таңға дейін мүмкін болмаса, сәске уақытына дейін де жасауға рұқсат етіледі. Сонымен қатар, Рамазан айында әр күнге жеке ниет жасау маңызды.

Сәресі – оразаның міндетті шарты емес, бірақ оған береке бар және бұл – сүннет ісі. Таңғы ас денсаулыққа пайдалы, бірақ оны ішпей-ақ ораза дұрыс есептеледі. Имамның айтуынша, сәресін қабылдаған адам физикалық тұрғыдан жеңіл сезінеді, бірақ оразаның шынайы қабыл болуы ниет пен жүректің имандылығына байланысты.

«Ниет – жүректен жасалған кезде ғана ораза толық есептеледі. Сәресі – денсаулыққа пайдалы, бірақ оны ішпей-ақ ораза дұрыс болады», – дейді Ардақ мырза.

Яғни ниет пен сәресі бір-бірімен үйлесіп, оразаның дұрыс және берекелі болуына әсер етеді.

Күнделікті өмірде оразаны бұзатын әрекеттер туралы түсініктер әрқилы. Кейбір қарапайым әрекеттер оразаны бұзбайды, бірақ адамдар бұл туралы дұрыс білмеуі мүмкін.

Оразаны бұзбайтын әрекеттерге мыналар жатады:

  • Тіс тазалау, егер пастаның дәмі немесе көбік жұтылмаса;

  • Емдік инъекциялар мен вакцинация;

  • Қан тапсыру, егер ол денсаулыққа қауіп төндірмесе.

Ал оразаны бұзатын әрекеттер:

  • Қоректік ерітінділер (мысалы, глюкоза немесе витаминді ерітінділер);

  • Тамақ орнына қолданылатын дәрілер.

- Тіс тазалау кезінде пастаны жұтып қоймау өте маңызды. Емдік инъекциялар мен вакцинация оразаны бұзбайды, өйткені олар тамақ ретінде қабылданбайды. Ал қоректік ерітінділер немесе тамақ орнына қолданылатын дәрілер оразаны бұзады», – деп түсіндірді Ардақ мырза.

Имамның сөзіне сүйенсек, ораза ұстаушылар күнделікті тұрмыстағы қарапайым әрекеттерді дұрыс түсініп, денсаулыққа зиян келтірмей, оразаны толық әрі дұрыс ұстауға мән беруі қажет.

Ораза ұстамау кімдерге рұқсат етілген?

Сондай-ақ егер ораза ұстау адамның денсаулығына нақты қауіп төндірсе, оны кейінге қалдыруға рұқсат етіледі. Мұндай жағдайларға ауыр физикалық жұмыс, қатты шөлдеу немесе әлсіреу қаупі жатады. Сонымен қатар, жүкті немесе емізулі әйелдерге зиян келу мүмкіндігі болса, ораза ұстамауға болады және кейін оны қаза ретінде өтеу қажет. Сапарда жүрген адамдарға ораза ұстамау күнә емес, бірақ сапар жеңіл болса, оразаны ұстауға рұқсат бар.

- Кім ауыр жұмыс істесе немесе шөлдеу, әлсіреу қаупі болса, оразасын кейін өтеуге рұқсат. Жүкті немесе емізулі әйелдерге зиян келу қаупі болса, ұстамауға болады, кейін қаза өтеу керек. Сапарда ораза ұстамау күнә емес, бірақ жеңіл жағдайда ұстауға рұқсат етіледі, – дейді имам.

Қаза және кәффарат

Оразаны әдейі бұзған жағдайда, оны өтеу міндетті. Кәффарат – бұл ауыр өтеу шарасы, ол екі ай үздіксіз ораза ұстау немесе 60 кедейді тамақтандыру арқылы өтеледі. Ал егер адам бірнеше жыл бойы ораза ұстамаған болса, бірақ оны әдейі емес, кейбір жағдайларға байланысты орындамаған болса, онда тек қаза өтеу жеткілікті, кәффарат талап етілмейді.

Имамның сөзіне сүйенсек, оразаны қаза ету – парыз, бірақ оған денсаулыққа зиян келтірмей, біртіндеп де жетуге болады. Бұл тәсіл мұсылманға жауапкершілікті түсінуге және оразаны дұрыс орындауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Имам Ардақ Нүсіпханұлы Қадір түнінің қасиетіне де тоқталып, оның ерекше рухани мәнін түсіндірді. Исламда Қадір түні “үкім түні” деп аталады, өйткені осы түнде келесі жылдың істері мен тағдырға қатысты үкім жазылады. Осы қасиетті түнді иманмен, дұға мен тәубеге толы өткізу – өткен күнәлардан кешірім тілеудің ерекше мүмкіндігі.

Қорытындылай келе, ораза – тек тамақтан бас тарту емес, ол жүректің тазалығы, сабыр мен мінездің тәрбиесі, рухани кемелділіктің айнасы. Бұл қасиетті айда әрбір мұсылман тек өз денсаулығын сақтап қана қоймай, жүрегін нәпсіден тазартып, күнделікті өмірде жақсылыққа ұмтылуы тиіс. Дұрыс ниет жасау, денсаулыққа мән беру, Құран мен хадиске сүйену – оразаны қабыл ету жолының негізі. Рамазан әр күнін Алла разылығы үшін өткізу, сабыр мен тақуалыққа жету – шынайы рухани байлық. Ораза тек аштық емес, ол – жүректің, ойдың және мінездің үйлесімі, ішкі әлемнің тәртібі.

Біздің телеграмға қош келдіңіз!
308
0 Пікір
                                                                    
Қазір желіде отырғандар
Человек
Көп оқылған мақалалар
  • тәулік
  • апта
  • ай
  • жыл