Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Қазақстан мен Ресей Жамбыл облысында минералды тыңайтқыштар зауытын салу және пайдалану бойынша "Еврохим" жобасын жүзеге асыру туралы үкіметаралық келісімге қол қойды, деп хабарлады Ресей өнеркәсіп және сауда министрлігі.
Аталмыш жоба барысында еліміздің оңтүстігінде Қаратау фосфорит бассейнінің кен орындарын игеру және минералды тыңайтқыштар өндіретін жаңа зауыт салуды көздейді.
"Осы уақытқа дейін инвестиция мөлшері 270 миллион долларды құраса, болашақта тағы 600 миллионға жуық инвестиция салынады", - делінген хабарламада.
Екі ел арасындағы құжатқа Ресейдің өнеркәсіп және сауда министрі Денис Мантуров пен Қазақстанның Ресейдегі елшісі Ермек Көшербаев қол қойды.
Мантуров келісім инвестициялық жобаны іске асырудың жаңа кезеңін ашатынын атап өтті: ол өндірісті кеңейтіп, жылына кем дегенде 1 миллион тонна тыңайтқыш пен өнеркәсіптік өнімдер өндіретін жаңа зауыт құрылысын бастауға мүмкіндік береді.
Зауыт құрылысы 2025 жылы аяқталады деп жоспарлануда. Сондай-ақ Денис Мантуров Қазақстандағы жаңа кәсіпорынға хлорлы калий Ресейден жеткізілетінін айтты.
"Жобада 50 миллион долларға жуық қаржыға ресейлік энергетикалық және тау-кен жабдықтарын пайдалану жоспарланып отыр. Соңғы өнім Қазақстанның ішкі нарығына, сонымен қатар экспортқа – Қытайға, Орталық және Оңтүстік-Шығыс Азияға, Таяу Шығыс елдеріне жеткізіледі", - деп толықтырды Мантуров.
Маусымда Ресей үкіметі Қазақстанда "Еврохим" жобасын жүзеге асыру туралы үкіметаралық келісім жобасын мақұлдады.
Зауыттың құрылысы салынатын 2019-2024 жылдары жоспарланған инвестициялардың жалпы сомасы 1 миллиард доллардан асады. Жоба барысында кем дегенде 1,2 мың жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.