| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Семей қаласының Водный кентінде 19 жастағы студент қыздың қаза болғаны туралы ақпарат тарады. Бойжеткенге пышақ жарақаты салынған. Қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 24 жастағы ер адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Қайғылы жағдай 21 қыркүйек күні тұрғын үйлердің бірінің жанында болған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, оқиғаға дейін көшеде жанжал болып, айқай-шуға ұласқан. Біраз уақыттан кейін адамдар жарақат алған қызды байқап, оған алғашқы көмек көрсетуге тырысқан.
Көп ұзамай оқиға орнына жедел жәрдем қызметі мен полиция жеткен. Алайда медицина мамандары бойжеткеннің өмірін сақтап қала алмады. Қыздың денесіне нақты қанша жарақат түскені әзірге белгісіз.
Алдын ала ақпаратқа сәйкес, марқұм мен күдікті арасында жанжал туындаған. Олардың бұрыннан таныс болғаны белгілі. Кейбір мәліметтерде ұсталған азаматтың қыздың бұрынғы жігіті болуы мүмкін екені айтылғанымен, полиция бұл ақпаратты әзірге ресми түрде растаған жоқ.
Қаза болған студент Семейдегі «Қайнар» колледжінде үшінші курста білім алған. Оқу орнының мәліметінше, ол үлгерімі жақсы әрі тәртібімен ерекшеленген студенттердің бірі болған. Оның суреті колледждің Құрмет тақтасына да орналастырылған. Оқиға болған күні таңертең ол сабаққа қатысып үлгерген.
Аталған жағдайға байланысты Семей қалалық полиция басқармасы адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.
Полиция мәліметінше, күдікті оқиғадан кейін көп ұзамай ұсталған. Ол – осы ауданның 24 жастағы тұрғыны. Қазіргі уақытта ер адам уақытша ұстау изоляторында отыр.
Тергеу барысында оқиғаның нақты себептері мен мән-жайы анықталып жатыр.