Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Петропавлда Өзбекстаннан келген қонақ Абай мен Пушкин ескерткішінің жанында суретке түскені үшін бес тәулікке қамауға алынды, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 1 қаңтарда қаланың орталық жаяу жүргіншілер көшесінде патрульге қала тұрғындары жүгінген. Олардың айтуынша, үш жас жігіт өзін әдепсіз және қатты сөйлеп, мәдениетсіз ұстаған. Оның үстіне, олардың бірі суретке түсу үшін биіктігі бес метрлік Абай мен Пушкин ескерткішіне шыққан.
- Петропавл қаласы ПБ жедел басқару орталығының бейнебақылау инспекторларының көмегімен патруль үш жігітті ұстады. Оларға қатысты қоғамдық орында мас күйінде болғаны үшін хаттамалар толтырылып, сондай-ақ ұсақ бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік материал жиналды, – деп түсіндірді ведомствоның баспасөз қызметі.
Белгілі болғандай, ұсталғандардың барлығы Петропавлға Өзбекстаннан келген. Нәтижесінде шетелдіктердің бірі сот алдына шықты.
26 жастағы Өзбекстан азаматының әкімшілік құқықбұзушылық ісін Петропавлдың әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты қарады.
Сот анықтағандай, жаңа 2025 жылдың бірінші күні кешкі уақытта шетелдік Қазақстан Конституциясы көшесіндегі алаңда орналасқан қаланың көрнекті орны әрі визит карточкасы болып саналатын Абай мен Пушкин ескерткішіне шығып, суретке түскен. Кейін ол жыл символы – Жыланның мұз мүсініне де шығып, тағы суретке түскен.
- Құқықбұзушы кінәсін мойындап, суретке түсу үшін тек өзі ескерткіш пен мұз мүсінге шыққанын, ал достары шетте тұрғанын және олардың бірі оны суретке түсіргенін айтты. Құқықбұзушылықтың жасалғанын және кінәсін дәлелдейтін айғақтар жиналған, оның ішінде жедел басқару орталығы камераларының бейнежазбалары мен құқықбұзушының телефонынан алынған суреттер, – делінген сот қаулысында.
Шетелдіктің әрекеті ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі бойынша, яғни ұсақ бұзақылық деп танылды. Осы баптың санкциясына сәйкес, бұл әрекет үшін 20 АЕК (78 640 теңге) көлемінде айыппұл салу немесе бес тәуліктен он бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алу қарастырылған.
- Құқықбұзушылықтың мән-жайын, қоғамдағы әдеп пен мораль нормаларын елеусіз қалдыруын ескере отырып, сот әкімшілік қамауға алу түріндегі қатаң жаза қолдану қажет деп санайды және құқықбұзушыны бес тәулікке қамауға алу туралы шешім шығарады, – деп қаулы етті судья Гүлжан Тәліева.
Соттың әкімшілік қамауға алу туралы қаулысын полиция органдары орындады.