| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Қазақстанның 10 жоғары оқу орны THE World University Rankings халықаралық рейтингіне кірді. Олардың арасында ең үздік нәтижені Nazarbayev University көрсетіп, 376–400 орындар аралығынан көрінді, деп хабарлайды Dauletten.kz.
Астанада өтіп жатқан III Халықаралық стратегиялық серіктестер форумы аясында «Жоғары білімнің болашағы: ғылым, инновациялар және жаһандық серіктестік» тақырыбында панельдік сессия ұйымдастырылды. Оған шетелдік университеттер мен ғылыми-білім беру ұйымдарының өкілдері қатысып, жоғары білімді жаңғырту, ғылыми зерттеулерді ілгерілету және болашақ экономикаға қажетті кадрларды даярлау мәселелерін талқылады.
Сессияны Халықаралық стратегиялық серіктестер кеңесінің (ISPC) бас хатшысы, профессор Олгун Чичек жүргізді. Талқылау барысында Қазақстанның еуропалық ғылыми бастамаларға, соның ішінде Horizon Europe бағдарламасына қатысу мүмкіндіктері және Еуропалық зерттеу кеңістігімен (ERA) әріптестігі қарастырылды. Қатысушылар халықаралық ғылыми байланыстарды нығайту және қазақстандық зерттеулерді бірлескен жобаларға тарту жолдарын талқылады.
Сонымен қатар жоғары білім беру жүйесіндегі университеттердің өзгеріп жатқан рөліне тоқталды. Қазіргі таңда студенттерге теориялық білім берумен шектелмей, оларды ғылыми жұмыстарға қатыстыру, зерттеу қабілеттерін дамыту және еңбек нарығында қажетті дағдыларды қалыптастыру маңызды екені айтылды.
Панельдік сессияға TUM International бас директоры Фридерике Хеттингер, Бохумдағы Рур университетінің өкілі Елена Реш, Фейсалабад ауыл шаруашылығы университетінің ректоры Зульфикар Али, Сан-Паулу мемлекеттік университетінің профессоры Хосе Фернандо Гарсия, Бейжің білім мен ғылымды дамыту қорының президенті Цуй Шань, Китасато университетінің қауымдастырылған профессоры Масару Отиай және Сеул киберуниверситетінің президенті Ли Ынджу қатысты.
Форум аясындағы келесі шара Times Higher Education ұйымының панельдік сессиясы болды. Оның барысында THE World University Rankings 2027 рейтингісіне Қазақстанның 10 жоғары оқу орны енгені белгілі болды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп.
Қазақстандық университеттер арасында ең жоғары нәтижеге Nazarbayev University қол жеткізіп, 376–400 орындар тобынан орын алды. Осы көрсеткіштің арқасында оқу орны ТМД, Орталық Азия және Кавказ елдерінің университеттері арасында көш бастады. Сонымен қатар С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті бұл рейтингке алғаш рет қосылды.
Форум аясында өткен кездесулер қазақстандық жоғары оқу орындарына шетелдік серіктестермен білім беру және ғылыми зерттеулер саласындағы байланысты нығайтуға, тәжірибе алмасуға және бірлескен жобалардың жаңа бағыттарын анықтауға мүмкіндік берді.