| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Алматыда Халықаралық студенттер күніне орай «Ең үздік студенттік топ – 2026» байқауының жеңімпаздары анықталды. Үздік атанған командаларға жалпы сомасы 1 миллион теңге болатын ақшалай сыйлықтар табысталды, – деп хабарлайды Dauletten.kz.
Байқау «Almaty Students Week» апталығы аясында Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының қолдауымен және «Алматы студенттер Альянсы» корпоративтік қорының ұйымдастыруымен өтті.
Биыл байқауға Алматыдағы 27 жоғары оқу орнынан өтінім түскен. Іріктеу нәтижесінде 20 университет жартылай финалға өтіп, «Jas IQ» зияткерлік сайысынан үздік шыққан 10 студенттік топ финалда бақ сынады.
Финалдық кезең Мемлекет басшысының «Кітап оқитын ұлт» бастамасымен үндестіріліп ұйымдастырылды. Қатысушылар ұсынылған 15 әдеби шығарманың бірін таңдап, оның мазмұны мен негізгі идеясын бейнеролик және сахналық қойылым арқылы көпшілікке ұсынды.
Сонымен қатар іс-шара барысында студенттік топтардың жетістіктері мен бастамаларына арналған көрме ұйымдастырылды. Онда жоғары оқу орындары ғылыми, шығармашылық, спорттық және қоғамдық жобаларын таныстырды.

Іс-шараға арнайы қатысқан ҚР Ұлттық кітапханасының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғазиза Құдайбергенқызы жастар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.
Байқау қорытындысы бойынша жүлделі орындар төмендегідей бөлінді:
* І орын – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің «Галактика» тобы. Жүлдесі – 500 мың теңге.
* ІІ орын – Алматы гуманитарлық-экономикалық университетінің «AHEU жастары» тобы. Жүлдесі – 300 мың теңге.
* ІІІ орын – Алматы технологиялық университетінің «АТУ жастары» тобы. Жүлдесі – 200 мың теңге.

Жеңімпаздарға ақшалай сертификаттардан бөлек арнайы кубоктар мен сыйлықтар табысталды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқау студенттердің шығармашылық және зияткерлік қабілеттерін дамытуға, көшбасшылық қасиеттерін шыңдауға, сондай-ақ жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.